Русский Сайттың толық нұсқасы

Таулы Қарабақта Әзірбайжан-Армян соғысы аяқталды

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2020
  • 3162

Таулы Қарабақтағы қақтығыс аяқталғанға ұқсайды. Жер таласында Әзірбайжан мен Армения келісімге келген сынайлы. Өткен түнде тараптар бітімгершілік келісіміне қол қойды. Құжатқа сәйкес Армения Таулы Қарабақтағы жерлерді қайтарып, әскерін шығаратын болды. Ал, уәде - орындалу үшін. Даулы аймаққа Ресейдің бітімгер күштері орналаспақ. Екі айға созылған соғыс туралы Ғалымжан Өтемісов.

Таулы Қарабақ үшін жан пида! Осы ұранмен талай сарбаз жан берді. Ұлтарақтай жер үшін тараптар 30 жыл алысты. Талай саяси сөз таластар, талай қарулы қақтығыстар жүрді. Ақыры, артиллерия - дипломатияның ауызын жапты. Осы жолғы соғыста армяндар есе жіберді. Оны Премьер-министрі Никол Пашинянның өзі мойындады.

Никол ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен бүгін, армян халқы үшін ауыр шешім қабылдадым. Қазіргі әскери ахуалымыз бен саяси жағдайымыз осыған мәжбүрледі. Бұл жеңіс те жеңіліс те емес. Дегенмен, біз ұтылғанымыз жоқ. Бұл біздің ұлттық бірлігіміз үшін жаңа дәуір болуы керек.

Премьер-министрдің шешімі, саясаттан тыс Президентті де таң қалдырған екен. "Бұл хабарды мен баспа беттерінен", оқыдым деді Армен Саркисян.

Армен САРКИСЯН, АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өкінішке орай, менімен бұл құжат бойынша кеңесу немесе талқылау болған жоқ. Президент ретінде, мен ешқандай келіссөздерге қатысқан жоқпын. Дегенмен мен құжатқа қатысты саяси талқылаулар өткізуді жоспарлап отырмын.


Никол Пашинян шешімі қара халыққа да жақпады. Олар, түннің ортасында көшеге шығып, Парламенті басып алды. Спикер Арарат Мирзоянды ұрып-соғып, Премьер-министрдің қызметінен кетуін талап етті.

Ал, Бакуде той-думан. Бұл, "Ұлы күнді" әзірбайжан жұрты отыз жыл күткен.

Цейхун ХЕЙБЕТОВ, БАКУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен соғыс құрбандарының отбасылары мен аналарына тағзым етемін. Бүгін біз солардың арқасында жеңіске жетіп, қуаныш тойын тойлап жатырмыз.
 
Илхам ӘЛИЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Соғыста, шейіт болған сарбаздарымызды Алла жарылқасын. Олардың ерлігі мен жанқиярлығының арқасында біз өз жерімізді қайтардық. Жарақат алған жауынгерлердің тез сауығып кетуіне тілектеспін.


Ресей де бұл қақтығыстан тыс қалмады. Өткен түнде Әзірбайжан қарулы күштері МИ-24 тік ұшағып атып түсірген. Артынан ол Ресейге тиесілі екені белгілі болды. Ресми Баку артық кеткенін мойындады, өтемақы төлейтінін айтып кешірім сұрады. Бұл Мәскеуді жібітті. Ресей мәрттік танытып, тараптарды татуластырды.

Владимир ПУТИН, РФ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қол жеткізілген келісім бойынша, екі ортаға Ресей бітімгерлері орналасады. Осы жолғы уағдаластық ұзаққа созылып, екі ел мүддесіне сай болады деп сенеміз.

Келісімге сәйкес, Әзірбайжан армиясы босқындардың шығуына кедергі келтірмейді. Ал, Армения белгіленген мерзім ішінде өз әскерін шығарып, Таулы Қарабақтағы тағы бірнеше жерді босатады. Тұтқындар мен қаза болғандар бойынша тең дәрежелі айырбас жүреді.

Ғ. Өтемісов