Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік органдар миллиардаған қаржыны игермеген

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2020
  • 1652

Мемлекеттік органдар 24 миллиард теңгені игермеген. Көшті - жағдайдан хабардар еткен - Қаржы министр Ерұлан Жамаубаевтың өзі басқаратын министрлік бастап тұр. Бүгін Үкімет отырысында ол бюджет қаражатын иегере алмай отырғандардың атын атап, түсін түстеді. Елдегі экономикалық ахуал азық-түлік бағасына да кері әсірін тигізіп отыр. Жаһандық экономикалық тұрақсыздық теңгемізге де әсер етуде. Бар қаражатты ұқсата алмай отырған ведомствалар мен аймақтар жайлы тілшіміздің бейнематериалында.

Бюджет қаражатын игермеу, бұл  - жылда қайталанатын сценарий секілді. Жылдың аяқталуына аз қалды. Ал Үкімет мүшелері биыл да миллиардтаған қаржыны игеріп үлгермеген. Қызығы сол, бюджет қаржысын игермеген ведомсвалардың көшін, қаржы министрілігің өзі бастайды. Олар қазынадан бөлінген 2 млрд теңгені жұмсай алмай отыр. Ауыл-шаруашылығы министрлігі мен әділет министрлігінің де жағдайы осы.  

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:


Қаржыны игермеуге конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы сияқты факторлар себеп болған


Өңірлер де оңып тұрған жоқ. Олар да 24 млрд теңгені игермеген. Қаржыны жұмсай алмағандардың қатарында Ақтөбе облысы, Алматы қаласы, Солтүстік және Батыс Қазақстан өңірлері бар. Үкімет басшысы Асқар Мамин оларға ескерту жасады. Әрі бюджет қаржысын ғана емес, қор резервтерінен берілген ақшаны да жарату қажеттігін еске салды.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:


Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бюджет қаражатын толығымен және тиімді игеріп, жыл соңына дейін басталған жобаларды аяқтап, жоспарланған көрсеткіштерді орындауы тиіс.


Үкімет мүшелері бюджет қаржысын қалай жұмсарын білмей, басы қатып жатқанда, Ұлттық қордың әлеуетінен әл кетіп барады. Ерболат Досаевтың дерегінше, алтын валюта резервтері соңғы айдың өзінде 200 млн АҚШ долларына кеміген. Қор активтері де азайған. Қазір оның көлемі 56,3 млрд АҚШ долларына тең, деді бас банкир. "Жығылғанға жұдырық" болғандай, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық теңгемізді де әлсіретіпті. Оған АҚШ-тағы сайлауда Дональд Трамптың жеңіліс табуы әсер еткен көрінеді.

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Қазанда АҚШ долларының қымбаттауына және дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне алып келген АҚШ-тағы президенттік сайлаудың қорытындысына қатысты белгісіздік өткен аптаның соңында демократиялық партиядан кандидат Джо Байденнің жеңісі аясында төмендеді.


Ел экономикасына пандемияның да тигізген әсері аз емес. Ұлттық банк төрағасының сөзіне қарағанда биыл жылдық инфляция деңгейі 7,1 пайызға дейін өскен. Керісінше ішкі өнім 3 пайызға төмендеген. Экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы қымбатшылыққа әкеп соғып отыр. Бас банкирдің дерегінше азық-түлік 10,7 пайызға қымбаттаған.   

А. Мүтәлі