Русский Сайттың толық нұсқасы

Киікке жер серігі арқылы бақыланатын қарғыбау қалай тағылады?

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2017
  • 4907

Жыл басынан бері киіктерді заңсыз аулаған 36 қылмыстық топ ұсталған. Браконьерлер заңмен жазаланып жатса да, олардың саны азаяр емес. Ал, табиғат жанашырлары дала жануарларын өз бетінше қорғауға кіріскен. Осы күзде Қазақстан аумағындағы 40-тан астам ақбөкенді жер серігі арқылы бақылауға мүмкіндік беретін қарғыбау тағылады. Желден жүйрік жезкиіктер қарғыбауға қалай түседі? "Қорғалжын" қорығынан Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Міне, киіктің қарғыбауы осы. Германияда жасалған. Құны 1200-2500 еуро аралығында. Қазір мұны Қорғалжында 3 киікке тағады.Тағы отызы Батыс Қазақстандағы бөкендерге бұйырады. Құрылғыны сатып алуға белгілі консорциум қаржы бөлген. Құрылғының қуаты біткен бойда, өзі босап, түсіп қалады. Қырғыбау арқылы табын-табын киіктің қай аумақта оттап, қыстап, төлдеп жатқанын білу оңай. Қысқасы, спутник-бақташы. 

Альберт Сәлімгереев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының жетекші маманы:

Қарғыбаудың батареясы 2,5 жылға жетеді. Биыл мынадай күннен қуат алатын жаңасын сатып алдық. Мұның қанша қызмет ететінін көреміз.

Ал қарғыбау тағу оңай емес. Алдымен табыннан бөліп алған бөкенді мотошабандоз қуалап, тордан құрылған тұзаққа түсіруі керек. Торға түскен бетте, жер бауырлап тығылып жатқан төрт адам төрт бұрыштан буып үлгереді. Артық қозғалыс, у-шу ахуалды қиындатады. Сондықтан бәрі бетегеден биік, жусаннан аласа. Міне, журналистер де еппен қимылдайды.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Қарғыбауды үш минутта тағып үлгеруі керек. Одан ұзақ ұстаса, киік, шошып, стресс алуы мүмкін. Барлығы ың-шыңсыз істеледі. Бұл процедураға 5 адам қатысады. Әркімнің өз міндеті бар. Тіпті киіктің көзін жауып тұратын адам да бар. Әйтпесе ол ырық бермей кетуі керек.

Мотошабандоз Владимир киікті  57 секундта тұзаққа түсірді. Айтуынша, рекорд 40 секунд. Мотобайктан Қазақстан чемпионы атағы бар жігіт үнемі осылай қырға шығып, тәжірибесін шыңдап тұрады.

Соңғы 5 жылда екі рет індетке шалдыққан киіктер бірнеше жүз мыңдап қырылып қалды. Қазір үш популяцияны қосқанда, 150 мың бастай бөкен бар. 80-жылдары 1 млннан асатын. Атса, да ауласа да, саны кемімеді. Қорық қызметкері пастереллезден бөлек, табиғи баланстың бұзылуы да әсер еткен дейді. Байлар қасқырларды қырып тастаған. Ал "қасқыр - орман емшісі" деген бар.

Алексей Кошкин, "Қорғалжын" мемлекеттік табиғи қорығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары:

Қыста төңіректі барлаймыз. Бір қасқырдың ізін көрсек, қуанамыз. Мысалы, киік түшкірді делік. Әлсіреген жануарды қасқыр жеп қоятын. Ал қазір, оны жейтін қасқыр жоқ, сондықтан табынға барып бәріне жұқтырады. 80 жылдары эпидемия он жылда бір болатын. Қазір тіпті жыл сайын қайталанады.

Киіктің қырылуына қарақшылар да кінәлі. Жыл басынан бері 36 қылмыстық топ ұсталған. Мұздай қаруланған әккі браконьерлер кейде қорықшыларды жаралап кетеді.  "Охотзоопром" мекемесінде 220 адам жұмыс істейді. Жол талғамайтын көлік, қару-жарақпен толық қамтылған. 

Ерлан Абдрахманов, "Охотзоопром "ӨБ" РМҚК басшысының орынбасары:

Киіктің мүйізін бағасы 1 млн теңгеден келісі, соған қызығып шығады ма, айтамыз ауыл әкімдеріне айтамыз. Факторлар бар. Сол жердің участковыйлары да бірге шығып ұсталып жатыр.

Киіктің алты мүйізі 1 келі болады. Қытайға жалғайтын қара нарықтың жолын кеспесе, браконьерлік тыйылмайды, - дейді мамандар. Елде 2020 жылға дейін киік атуға мораторий жарияланған.