Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада оқушылар кітаптармен толық қамтылмай отыр

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2017
  • 2829

Елордалық балғындар оқулықтармен толық қамтылмаған. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасы хабарлады. Айтуларынша, оқулықтар Алматыдан жеткізіледі. Сондықтан тасымалдаушыларды күтуге мәжбүр. Оқушылар қазір кітаптардың көшірмесін жасатып, сабақты сол арқылы оқуда. Кітап тапшылығы қашан жойылады? Тілшіміз Диана Сапарқызы анықтап көрді. 

Білім ордасының кітапханаларында әсіресе бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтар  тапшы. 3 сыныпқа 34 кешенді кітаптар, ал төртінші сыныпқа 36 кешенді оқулықтар жетіспей жатыр. Кітапханашы тапшылықтың негізгі себебі бала санының жыл сайын артып келе жатқанында дейді. Тығырықтан шығу үшін, көрші мектептермен бөлісіп немесе оқулықтың көшірмесін жасап оқуға тура келеді екен.

Жанна Сәкенова, мектеп кітапханашысы:

Бұрын қосымша тапсырыс беретін едік. Барлығы уақытылы орындалатын. Ал биыл кітап тапшылығы алғаш орын алып отыр. Себебі басқа қалалардан көшіп келген оқушылар саны көбейді. Сондықтан қосымша оқулықтар сұратуға тура келді. Қазір күтіп отырмыз.

Сабақ басталғанына екі аптадан асса да, оқушалардың 80 пайызы оқулықтармен қамтылған. Мектептердегі кітаптың жетіспеушілігін осы аптаның соңына қарай шешіледі деп отыр. 

Жазира Асанова, Астана қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

Барлық оқулықтар Алматыда басылып шығады. Олар Астанаға вогонмен жеткенше және әр мектептерге таратқанша, біршама уақыт өтеді. Жеткізіп берушілер тарапынан кешігу болып жатқаны рас.

Кітаптардың уақытылы жеткізілмеу себебін Алматыдағы «Атамұра» баспасының өкілдерінен сұраған едік. Олар Астана қалалық білім басқармасының тапсырысын келісімшарт бойынша 15-ші тамызда орындағанын айтады. Ал кітаптарды жеткізу жұмысы біздің  жауапкершілігімізде емес деп отыр.

Сәуле Хамзина, "Атамұра" корпорациясының маркетинг бөлімінің басшысы:

Келісімшартқа сай, біз тапсырылған кітапты басып беру мен тапсыруға міндеттіміз, ал оқулықтарды жеткізу біздің жауапкершілігімізге жатпайды. Тапсырыс беруші жеткізу жөнінен тапсырысты орындаушымен бөлек келісім жасауы тиіс. Біз өзімізге жүктелген міндетті орындадық.

Ал Білім және ғылым министрі кітаптардың дер кезінде жеткізілмей қалатын жағдай жыл сайын болып тұратынын жасырмады. Айтуынша, әр аймақтың жергілікті атқарушы органдары жеткізушімен тікелей келісім шартқа отырады. Сосын білім министрлігіне кітаптың жеткізілген немесе жеткізілмегені туралы есеп береді екен.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жеткізушілер барлық аймақты қамтып үлгермей жатыр. Бұл мәселеге әкімдіктер де жауапты екенін айтқым келеді.

Диана Сапарқызы, тілші:

Білім және ғылым министрлігінің міндеті - оқулықтардың бағдарламасы мен мазмұнын дайындап, бекітіу. Ал әрі қарай кітапқа тапысырыс беру мен жеткізу - жергілікті биліктің міндеті. Айтпақшы, астаналық оқуышлар биыл сөмкелерінде ауыр кітапттарды тасымайтын болды. Білім басқармасының айтуынша, кітаптардың мұқабасы жұқартылды. Кітаптар тоқсан мен жартыжылдыққа сай бөлініп шығарылды, яғни бір оқулық бірнеше оқулыққа бөлінген. Балалар оқулықтарын мектепте қалдырып, үйде электронды түрде үй тапсырмасын орындай алады.