Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада зейнеткерлерді электронды сауаттылыққа баулитын орталық ашылмақ

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2020
  • 2380

Елордада Үкіметтік емес ұйымдар биыл 150-ден астам әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асырған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Бұл жайында бүгін қалалық әкімдіктің мұрындық болуымен өткен «ІХ Азаматтық» форумда айтылды. Ашық алаңда елдегі әлеуметтің әл-ауқатын көтеру тетіктері талқыланды. Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен халықтың жағдайын жақсарту үшін, үкіметтік емес ұйымдарға қажетті көмекті ұсыну керек деді. Қоғамдық келелі мәселелер қаралған жиын жайлы әріптесім тарқатады.

Бас шаһарда қазір 3 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Іргесі бекіп, отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген ұйымдар да жетерлік. Солардың бірі «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры. 2012 жылы құрылған ұйым жұмысы отбасылық кейкілжіңдерді шешуге бағытталған. 8 жылдан бері ерлермен әйелдерге тегін қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде зейнеткерлерге электрондық сауаттылықты арттыру курсын қолға алмақ. Қор басшысы алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсеміз деп отыр.  

Лимана ҚОЙШИЕВА, «РУХАНИ ҚОҒАМ ӘЛЕМІ» ҚҚ ЖЕТЕКШІСІ:

Қарт кісілердің цифрлық білімін жетілдіру маңызды. Әсіресе пандемия кезінде электронды қызметті ешкімнің көмегінсіз өздері алуына мүмкіндік туады. Өздерінің қажеттліктеріне қол жеткізуге көмектесу мақсатында осы курсты ұсынып отырмыз.

Осымен 9-шы рет өткізіліп жатқан сұхбат алаңында азаматтық секторды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Бақтияр Мәкен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар жобалар қолға алынғанын жеткізді. Осылайша ол үкіметтік емес ұйымдардың үлесін арттырамыз деп отыр.

Бақтияр МӘКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанның азаматтық альянсының бастамасымен елімізде алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысын бастаған болатын. Астананы өз кезегінде үкіметтік емес секторлардың басты орталығы деуге болады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бәрі ҮЕҰ қатысуымен өтеді. Сондықтан оларға барлық қажетті жағдайды жасауға тырысу қажет.

Форум барысында кестеге сәйкес секциялық іс-шара өткізілді, азаматтық қоғам алдында тұрған мәселелерді шешу жолдары анықталып, ұсыныстар әзірленді. Бұдан бөлек үздік әлеуметтік жоба аворлары марапатталды.

Ғ. Өтемісов