Соңғы бір аптаның ішінде 46 адам коронавирустан көз жұмаған. Өлім жағдайы негізенен Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында тіркеліпті. Ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі таратты. Олардың дерегінше пандемия басталғалы 1959 адам індет құрбанына айналған. Сондай-ақ, жұқпаны жұқтыру фактісі азаймай отыр. Өткен тәулікте тағы 682 адамнан COVID-19 анықталды. Осылайша, Республика бойынша "тәж" вирусына шалдыққандар саны 122 мыңнан асты. Қазір 9 жарым мың адам кеселден емделіп жатыр.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Ауруханаларда 2991 науқас жатыр. 6550 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Олардың арасында 468 бала бар. Жалпы дертті адамдардың ішінде 227 адамның жағдайы нашар. Оның 24 -інің ахуалы аса ауыр деп бағалануда. 22 науқас өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған.
Әлемде де жағдай ушығып тұр. Дүниежүзі бойынша қытайлық кеселмен ауырғандар 56 миллионға жетті. Ең көп жұқтыру дерегі көрші Ресейде анықталған. Жалпы, коронавируспен ауырғандардың статистикасы бойынша 217 елдің ішінде Қазақстан 48-інші орында тұр.
А. Данияр