Оралда "Нұрлы Жер" бағдарламасының тұрғын үй құрылысына бөлінген 143 миллион теңгеден астам қаржысы ұрланған. Қомақты қаражатты жымқырды деген күдікпен жергілікті кәсіпкер қамалды. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу департаменті хабарлайды. Сондай-ақ, күдіктінің бюджетке екі жыл бойы салық төлемегені белгілі болған. Берешегі 1,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Дегенмен кәсіпорын басшысының қомақты мемлекет қаржысын қалай қалтаға басқаны әзір белгісіз. Белгілісі ол мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Құзырлылар Қылмыстық Кодекстің 2 бабы бойынша іс қозғады. Егер кінәсі дәлелденсе, 2 мың айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл төлейді немесе үш жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Айнагүл МҰТАШЕВА, БҚО ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны облыстағы кәсіпорындардың бірінің директоры күдікті ретінде ұсталды. Қазіргі таңда ҚР ҚПК 128 бабына сәйкес, Орал қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Өңірде талан-таражға түскен «Нұрлы жер» бағдарламасының қалай іске асырылып жатқанын білмек болдық. Бірақ бұл әрекетімізден түк шықпады. Облыстық құрылыс басқармасы басшысы телефонын өшіріп тастаған, ал аймақ әкімінің баспасөз хатшысы Әрсен Ғұбашев тұтқасын көтермей қойды.
Е. Карин