Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда құстардың қырылуы тоқтады

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2020
  • 2492

Құс тұмауы тараған Солтүстік Қазақстан облысындағы 42 елді-мекеннен карантин алынып тасталды.  Өйткені өңірде жағдай тұрақталған. Қазір мамандар инфекцияның ошақтарын залалсыздандыру жұмыстарын бастап кетті.

Сергей КАЛЯКИН, СҚО ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Карантин 42 ауылда шешілді. Тағы сегіз ауылда қарашаның аяғына дейін аяқталады. Соңғы рет құстың жаппай қырылуы Ғабит Мүсірепов ауданында болды. Жалпы, аймақта жағдай тұрақталды деуге болады. Қазір төрт құс фабрикасы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.


Жалпы, аймақта эпизоотия басталғаннан бері жарты миллионға жуық құс қырылған. Оның басым бөлігі құс фабрикаларына тиесілі. Осыған сай жергілікті билік екі ай бұрын 50 ауылды карантинге жапқан еді. Сала мамандары құстардың жаппай тұмауға шалдығып, қырылуына Ресейден келген вирус себепші болғанын айтады. Өлген құстардың өтемақысы әлі толық төленбеген. Шенеуніктер мәселені толықтай желтоқсан айында өтеуге уәде етті.  

Александр ЗАСЫПКИН, ШАРУА:

 
520 қаз, 300 үйрек пен мыңға жуық тауығым қырылып қалды. Бүгінде 1.8 миллион теңге өтемақы төледі. Яғни, шамамен отыз пайызын өтеді. Бір қазға бес мың теңгеден берді. Егер құстарым тұмаудан қырылып қалмаса, оны тірідей бір жарым есе қымбаттырақ сатар едім.

А. Құрманкин