Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік сала қызметкерлері баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2020
  • 1869

Әлеуметтік саладағы елордалықтарға, Тұңғыш Президент күнінде қоныс тойын тойлау бақыты бұйырды. Қала әкімі 100-ден астам мұғалімдер мен медицина саласындағыларға пәтер кілтін тапсырды. Баспаналы болғандардың барлығы - жылдар бойы кезегін күткен әлеуметтік сала  қызметкерлері. Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында тағы мыңға жуық пәтер беру жоспарланып отыр. Үйлі болған халықтың қуанышына біздің арна тілшілері де ортақтасып қайтты.

Астанадағы мемлекеттік балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін Айнұрдың тағы бір арманы орындалды. Бүгін ол 9 жылдан бері асыға күткен баспанасына шашу шашып кірді. Дәл биыл пәтерлі боламын деп үш ұйықтасам да түсімен кірмеген еді дейді. Қуанышын жасыра алмаған Айнұр мереке күні үлкен тосын сый болғанын айтады.   

Айнұр ДОСЖАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бағдарлама бойынша пәтер алып отырмыз, баспаналы болып отырмыз. Барлықтарыңызға осындай баспаналы болуды тілеймін. Рақмет Елбасына, біздің Президентке Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен рақмет! Тұңғыш Президент күні мерекесінде бізге кілтімізді табыстап үйімізге кіргізіп жатыр. Үлкен алғыс білдіремін.

Бұл қуанышқа ортақтасу үшін, Айнұрдың ата-анасы да келіпті. Анасы баласының еңбегін бағалап, үйлі болуға септігін тиізген жандарға алғысын білдірді.

Бибіжан РҮСТЕМОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қызым алып жатыр осы үйді. Қызымның кішкентай қызы бар. Енді, осы балаларыма тілейтінім: шаңырақтары құтты болсын! Қоныстары оңынан болсын! Алла осы берген қуанышты, барлығына жұғысты қыла берсін! Елбасымыздың жастарға жағдай жасап, осындай мүмкіндік жасап жатқанына қуанышымыз! Баспанасы болып барлығының балалар, осы жастар қызметтерін жасап еңбектерін сіңіріп жатыр ғой, сол еңбектері жана берсін!

Дәл осындай қуаныш 100-ге тарта отбасына бұйырды. Қала әкімдігі Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп, кезекте пәтер күткен тұрғындарға үлестірді. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында тағы мыңға жуық отбасына қуаныш сыйлауды жоспарлаған. Бүгінде оың 450-ден астамы тапсырылды. Айта кету керек, төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері мен мәдениет және спорт қайраткерлеріне жеңілдіктер қарастырылған. Биыл олардың қатарын ұстаздар, медицина және әлеуметтік қызметкерлер толықтырды. Көпшілігі коронавируспен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеген мамандар. Соның бірі - №17 мектеп-гимназияның мұғалімі Айдос Әділбек.

Айдос ӘДІЛБЕК, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осындай бағдарламаға қатысып, осы пәтерге қол жеткізіп отырмын. Өте қуаныштымын! Осындай мерекеде, Тұңғыш Президентіміздің күнінде  осындай үйді алып отырғаныма.

Қала әкімі Алтай Көлгінов бұл тұрғын үй бағдарламасы басқалардан ерекше, деді. Себебі, бастапқы жарна қажет емес, пәтерді сатып алуға да болады. Жалдау ақысы бір шаршы метрге 1500 теңге шамасын құрайды.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жасаған үлкен еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады. Сондықтан бүгінде осы мереке күніне өздеріңізге пәтер кілттерін табыстағалы тұрмыз.  Бұл сіздердің көптен күткен қол жеткізген жақсы жетістік деп айтуға болады.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй 20 жыл мерзімге беріледі. Яғни тұрғындар пәтерді кез келген уақытта мерзімінен бұрын сатып алуға да болатынын ескертеді.

А. Данияр