Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда шаруалар жерді өз иелігіне қайтара алмай жүр

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2020
  • 1951

Теріскейде шаруалар жерін даулап жергілікті кәсіпкермен соттасып жүр. Тұрғындардың пай жерін серіктестік емін-еркін иеленіп, пайда тауып жүрген көрінеді. Бірақ, табысты бөлісер кезде кәсіпкер сарандық танытады екен. Шаруалар болса,  меншігін жауапсыз серіктестіктен шығара алмай дал болып жүр. Золотая Нива ауылындағы даудамай туралы Абзал Құрманкиннің репортажында.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Шекараның дәл түбінде орналасқан Золотая Нива елді мекені кеңес одағы кезінде облыстың маңдайалды ауылдарының бірі болған. Алайда, тоқырау заманында ауылдың дамуы тұралап қалды. Бұқара бұған жергілікті кәсіпкерді кінәлап отыр.


Жұрттың жерді даулап жүргеніне 16 жыл болған. Халық, жерлерін 2004-ші жылы серіктестікке сеніп тапсырыпты. Алайда кәсіпкер сөзінде тұрмаған. Тапқан табысынан ол шаруаларға жылына 8 мың теңгеден ғана төлейді екен. Көрші кәсіпкерлер болса шаруаларға кемінде 40 мың теңгеден төлейтін көрінеді.

Гүлмира АУҒАЛИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бір пайдың ішінде 26 гектар жер. Соған біз бар жоғы 8000 теңге ғана аламыз. Кейде сапасы төмен ұн мен жем береді. Жемді мал да жемейді. "Пайда тапқыларың келсе, келіп жұмыс істеңдер", дейді.


Серіктестікке жиыны 400-ге жуық тұрғын кірген. Ол, шамамен 11 мың гектар жер. Ауыл белсенділерінің бірі Николай Кинцельдің айтуынша, серіктестік толық-қанды жұмыс істеп тұр. Бірақ, дивидентті бөлуге келгенде сарандық танытады екен.

Николай КИНЦЕЛЬ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Біз өткен жылы желтоқсан айында серіктестік басшысын сотқа беріп, 2020 жылдың наурыз айында оны жеңдік. Кейін олар екі мәрте аппеляцияға берді. Онда да сот біздің жақты қолдады. Енді соттың шешімі орындалмай жатыр. Серіктестік құрамынан шығу мәселесі жиналыста қаралуы керек еді. Бірақ ол, әлі күнге өткен жоқ.

Аудан атқамінерлері бұл мәселеден хабардар. Бірақ, азаматтар өзара келісе алмай жатқандықтан, бұл дауға шенеуніктер араласа алмайтын көрінеді.

Қанат БЕЙСЕНОВ, СҚО МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Тұрғындардың серіктестіктен шығатыны туралы өтініш бірнеше рет келіп түсті. Соттың шешімі шыққан соң, біз шаруашылық жетекшісімен хабарласып, тез арада жиналыс өткізуге кеңес бердік. Қазанның төрті күні аудандық прокуратура және әкімдіктің қатысуымен жиналыс өтті. Бірақ ауыл тұрғындарының басым бөлігі оған қатысқан жоқ. Енді желтоқсан айында екінші жиналыс өткізу мәселесі қаралып отыр.

Ал, серіктестік басшысы бізбен кездескісі келмеді. Өз ойын ол телефон арқылы жеткізді.

БАРИ АМОЕВ, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ:

Маған, серіктестіктен шығу туралы өтініш түскен жоқ. Олар бірден сотқа арызданды. Енді соттың шешіміне сәйкес мен оларға ауылдың маңайынан, тас жолдың төңірегінде орналасқан жер телімін ұсындым. Ол жақта топырақтың құнарлығы жақсы. Бірақ тұрғындар бұл жерді менсінбеді. Енді хаттамаға сәйкес бұл мәселе келесі жиналыста қаралады. Маған олардың жері керек емес.

Ауыл тұрғындары енді сот шешімінің орындалуын талап етіп отыр. Айтпақшы, сотта серіктестік басшысының 16 жылда бір жиналыс өткізбегені айтылды. Бұл айып дәлелденіп жатса, Бари Амоев 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 А. Құрманкин