Бос уақытында адам жеткізіп, нан тауып жүрген ағайын абай болсын. Оралда такси жүргізушілерін сабап, көлігін тартып алып жүрген қарақшылар ұсталды. Қылмыстық топ ұрланған көлікті Атырауда сатпақ болған жерінде қолға түсті. Күдіктілер осы уақытта қамауда отыр. Еркін Карин тақырыпты жалғастырсын.
Қайырбек, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Мойнымнан қылғындырды. Қылғындарғаннан кейін алдағы бала соғып, екі-үш рет жұдырықтады: «Пышақ қайда?», - деп айқайлады. Мен сол кезде талып бара жатырмын есімді жинай алмай. Содан мені мыналар өлтіріп тастайтын сияқты, құтылу керек бұлардан деп ойладым. Қашқан кезде машинамды айдап кетті.
Жолдан мінген жігіттердің жаналғыш жендет екенін Қайырбек кейін білді. Ауыр соққыдан кейін ол есін әрең жиыпты. Басында ол қарақшылар ұстатпай кетеді, деп ойлаған.
Қайырбек, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Машинамды таба алмайтын шығар деп ойладым. Қазақстанда тіркеуде жоқ, ресейлік учетта тұрған. Төрт күннің ішінде тауып берді, опер жігіттерге рақметімді айтамын. Машинамды Атырау облысынан таптық, олар жуып-тазалап, сатпақ болған ойлары болып тұр ғой. «Кешірім бермеймін, сотталсын!» деп айттым.
Автобарымташыларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де, тепсе темір үзетін 21 жастағы жігіттер. Ұсталғанда қылмыстық топтан суық қару және бірнеше көліктің мемлекеттік номері табылған.
Нұрлан БИСЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бұл азаматтар тағы да біздің Орал қаласында орын алған автокөлік ұрлығы фактісіне және шамамен он фактіге қатыстылығы белгіленді. Тергеу барысында олардың қастарында болған үшінші азамат анықталды. Ол да қолға түсті.
Полиция күдіктілердің өз кінәсін мойындағанын айтады. Айыптары дәлелденіп жатса онда олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Оралда жыл басынан бері 87 көлік ұрланған. Солардың төртеуі әлі іздестіріліп жатыр. Ұрланған көліктің көбісі Ресейден әкелінген және жергілікті тіркеуге тұрмаған. Тәртіп сақшыларының жұмысын осы қиындатады. Мұны қарақшылар да біледі. Сондықтан олар, сайда саны, құмда ізі жоқ осындай көліктерді аңдиды екен.
Е. Карин