Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталығы ашылды

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2020
  • 2606

Елордада ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталығы ашылды. Жаңа нысан №1 қалалық балалар ауруханасында орналасқан. Қазақ медицинасында бұрын-соңды болмаған орталықты аурухананың бас дәрігері Лариса Павловец басқарады. Мұнда туа біткен кемістігі бар сәбилер мен жасөспірімдерге ақысыз кешенді медициналық көмек көрсетіледі екен.

Лариса Павловец – еңбек жолын 90-шы жылы елордададағы №1 балалар ауруханасында педиатр болып бастаған. Көп ұзамай жаңа туған сәбилерге жан-жақты медициналық көмек көрсетуге көшіпті. Ол, сондай-ақ 2000-шы жылдары мемлекеттің қолдауымен шетелге барып, тәжірибе алмасып келген алғашқы қазақстандық дәрігерлердің бірі. Шала туған нәрестелерді емдеу әдісін үйреніп, қазақ медицинасына өз үлесін қосып келеді.  

Лариса ПАВЛОВЕЦ , НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ №1 КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Салмағы 500 грамм-ға да жетпейтін балаларға күтім жасау алғашқыда өте қорқынышты болды. Бізге олардың тыныс алуын, тамақтануын қадағалау қажет еді. Нәтижесі жаман емес. Қазір бізде күтім алған балалардың 80 пайызы адам қатарына қосылып жүр. Сол жылдары оңалту бойынша да проблемалар болды. Әсіресе, жүрек ауруларымен туылған сәбилер көп еді. Оларды емдеу жолдары да қолға алына бастады.

Медицина саласында 30-жылдық тәжірибесі бар маман қазір өзі қызмет еткен ұжымды басқарып отыр. «Мансабым өссе де, Гиппократқа берген антымнан тайған емеспін", дейді дәрігер.

Лариса ПАВЛОВЕЦ , НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ №1 КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Аурухананы басқару қызметіне кірісерде, ұзақ ойландым. Не дегенмен, дәрігерлік кәсібилігім мен біліктілігім бір орында қалып, көбіне әкімшілік жұмыстармен айналысуға тура келеді. Алайда, ұжымыма көп рақмет. Ауыр жағдайдағы науқасты емдеу кезінде міндетті түрде мені көмекке шақырады. Өзім де науқастарды қабылдау мен консультацияларды да жиі өткізіп тұруға тырысамын. Барынша екі қызметімді қатар алып жүрмін.

Ұжымға беделді, кәсібіне мығым Лариса Павловецті, қазіргі әріптестері басшы ретінде жоғары бағалайды.

Әсел ШАЙМЕРДИНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. № 1 КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен үшін қайталанбас дара тұлға. Ол кісіден көп тәлім алдым. Әлі де үйреніп келемін. Қандай жұмыс болса да, жан тәнімен беріліп істейді. Дәрігерлер үшін үлгі аларлық тұлға.


Тәжірибелі маман басқарған ауруханадан ел тарихында бұрын-соңды болмаған оңалту орталығы ашылды. Жаңа нысанда балалардың физикалық және ақыл-ой қабілеттерін дамытуға арналған, қалыпты өмірлік дағдыларды үйретуге қажетті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ инклюзивті білім беру кабинеттері жасақталған. Мұнда жылына ерекше 600 баланы тегін емдеу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін осындай орталықтар елдің 8 өңірінде ашылмақ.

А. Мүтәлі