Солтүстік Қазақстанда серіктестік басшысының жұмысшыларымен бірігіп астық ұрлағаны әшкере болды. Оқиға Жамбыл ауданындағы Преснов ауылында болған. Ұрылар астық қабылдайтын бекетті торып жүріп, қараңғы түнде бидайды тонналап шығарып жүрген. Келтірілген деректерге қарағанда олар, астықты сегіз жүк көлігімен шығармақ болған. Жарығын сөндіріп қойып, бидай тиеп жатқан кезде үстілерінен полиция түсіпті. Бұл олардың бірінші қылмысы емес көрінеді. Мұның алдында ғана дәл осы топ 200 тонна астықты ұрлап, Ақмола облысындағы элеваторлардың біріне тапсырып жіберген екен. Астық ұрлығына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Асан МЕЙРАМОВ, СҚО ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Тергеу әрекеттері барысында ұрланған өнімді сату орны анықталды. Күдіктінің үйінен конверттерге салынған ақшалай қаражат алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген «КамАЗ» автокөліктері мен құжаттама да тексерілуде.
А. Құрманкин