Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық әйел баласын киімсіз қардың үстіне отырғызып қойған

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2020
  • 2272
Жазалаудың жаға ұстатарлық әдісі. Елордалық әйел кәмелеттік жасқа толмаған қызын шешіндіріп, даладағы қардың үстіне отырғызып қойған. Ал, 6 жастағы ұлын тентектік жасағаны үшін қабырғаға ұрып тәрбиелепті. Көршілері бұл бірінші рет емес екендігін айтып отыр. Әріптесім Асылбек Данияр оқиғаның мән-жайын біліп қайтты.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қыстың қақаған аязында қатыгез ана небәрі 8 жасар қызын осылай жазалаған. Оның себебі де бар. Қызы рұқсатсыз ойыншықпен ойнапты. Көршілерінің сөзінше, дәл қазіргі уақытта баланың ата-анасы полицилердің қолында.


Көршілердің айтуынша, ата-анасының балаларына күш көрсететіне жарты жылдан асыпты. "Басылар" деген үміт болды. Бірақ жағдай күннен-күнге қиындай түскен. Түнгі аязда іш-киімен отырған қызды көрген соң құқық қорғау органдарына хабарласқан. Бүлдіршін аязда 2-3 минут отырыпты. Ал, екінші қызы осыдан бір апта бұрын дәлізде түнеген көрінеді.

Аида ЖАКЕЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше барлық оқиғаны көрдім. Қалай анасының ұрып жатқанын. Далада жалаңаш отыр. Мен сосын Диас пен Аиданы үйге кіргізіп алдым. Көріп тұрдым балалар осы дәлізде отыратын кездері де болды қастарында отырдым.


Балалардың ата-анасы 30 жастан асқан. 4 баласы бар екен. Бұл отбасыда айғай-шу жиі болатын көрінеді. Жәбір көрген қыздың айтуынша, анасы оны тіпті оқтаумен ұратын көрінеді. Дегенмен, көршілері оларды жамандыққа қимайды.

Аида ЖАКЕЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балалармен үйде көп болмайды. Өздері жалғыз болады. Әкесінің ішіп тұратыны бар. Бірақ қатты емес. Тәрбиелеуге болады басқаша, бізде баламыз біз ұғамыз барлығын. Бірақ мұны емес.  


Полицияның дерегінше, 35 жастағы әйелге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баланың ата-анасы ешқандай мекемеде есепте тұрмағаны анықталды. Қазір бұл отбасымен құқық қорғау өкілдері мен білім бөлімі мамандары жұмыс жүргізіп жатыр.

Нэлля ДОЩАНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл отбасы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің профилактикалық есебіне қойылды. Қазіргі уақытта заңды өкіліне қатысты объективтік шешім қабылдау үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Гүлім ЖҮСІПОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОРҒАНШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өздері көп балалы ана. Және мектептен де барлық жақтан мінездемелері жақсы деп беріліп жатыр. Құжаттың бәрі сотқа жолданады және заң бойынша жауапқа ата-анасы тартылады.

Психолог, баланы мұндай жазалауды шеттен тыс деп есептейді. Айтуынша, осы санаттағы адамдардың міндетті түрде жүйкесін тексеру керек.

Ғалияш МАХАШОВА, ПСИХОЛОГ:


Ол адамдарға баланы болашақта сеніп тапсыруға бола ма, әлде болмай ма бұдан да зор балаға қиындық келтіру мүмкін. Яғни бақытсыздықтың шынжыры-шылбыры жалғаса береді. Бірінші кезекте бұндай жағдайда балаға да, ата-анаға да психологиялық көмек қажет.


Егер жағдай жалғаса беретін болса, бала қатыгездікті бойына сіңіріп алуы мүмкін дейді. Психолог, бұл әдет тұқым қуалуы ықтималдығын айтты.

А. Данияр