Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда құны 2 бөлмелі пәтерге татитын жылы аялдамалар толыққанды жұмыс істемей тұр

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2020
  • 3715

Атырауда құны 14 млн 300 мың теңге тұратын жылы аялдамалар салынды. Бірақ жергілікті тұрғындар 19 аялдаманың қызығын көре алмай жүр. Өйткені олар кешкі 9-да жабылып қалады. Қалалық коммуналды шаруашылық мамандары, аялдамаларды осылайша бұзақылардан қорғап жүр екен. Олай болса, құны 2 бөлмелік пәтерге татитын жылы аялдаманың керегі не? Базаргүл Нәдірқызы анықтап көрді.

Бұл - қала көшелерін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары аясында салынған жылы аялдамалар. Аядай ғана бөлменің құны – 14 млн 300 мың теңге. Аялдаманың ерекшелігі -  қыста жылы, жазда салқын. Мұнда сондай ақ тегін Уай-фай мен бақылау бейнекамера болуы тиіс еді. Бірақ олар іске қосылмаған.

Рашида КАМИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күн суық екенін көріп тұрсыз, кірейік десек, есігі кілттеулі. Ашатын тұтқасы да жоқ. қайда барамыз енді. Осындай уақытта аялдама ашық тұрғаны жақсы еді. Кірген күннің өзінде кейбір жерлер лас болады. Қаншама миллиардтаған ақша кетті осы аялдамаға.

Аялдаманы жауып тастаудың себебі бар. Тұрғындар салғырттық танытып, ішін шашып кетеді екен. Ал, қаңғыбастар мен бұзақылар мүлікті қирататын көрінеді.

Мұхтар САҒАНДЫҚОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Кешке сағат сегіздерде тоғыздарда аялдама жапқан кезде белгісіз адамдар кіші дәреттерін сол себептен оны жинап, иісін кетіру мақсатында аялдамалар кешіктіріліп ашылады.

Шаһарда мұндай 19 жылы аялдама бар. Соның жетеуі мемлекет меншігіне қабылданыпты. Олардың өзі жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпкерлер жарнама арқылы пайда табады деген сенім бар. Алайда оның тетіктері әлі күнге реттелмеген.

Жасұлан СҮЙЕКЕНОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Біздер қараша айында алдық сенімгерлік басқаруға. Қазіргі уақытта барлық нәрсе шетелден келетін болғандықтан  оның  құралдары. Тапсырыс беріп қойдық. 2021 жылдың аяғына дейін дайындауға болады. Уай-фай болмайды.  Болмайтын себебі Қазақтелекоммен  линиясы жоқ.

Әр қайсысының құны, Атырауда 2 бөлмелі пәтерге татитын "алтын аялдамалар" тұрғындардың көңілінен шықпағандай. Өйткені, тапсырылғанына бір жыл өтсе де тұрғындар оны толық қанды пайдалана алмай жүр.

Б. Нәдірқызы