Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық картон зауыты өте жұқа қорапша жасауды қолға алған

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2020
  • 1952

Павлодарлық кәсіпкер Гүлнәр Қайдарова, 30 жылын бизнеске арнапты. Соңғы 15 жылдан бері басқарып келе жатқан шаһардағы картон зауыты, қатты қағаздан түрлі өнім шығарып келеді. Биылдан бастан кәсіпорын бір қабаттан тұратын, яғни өте жұқа картон қорапшаларын өндіруді жолға қойды. 25 адаммен бастаған кәсібі, бүгінде керегесін кеңейткен. Бизнестегі жетістіктің сыры туралы келесі бейнеаматериалда.

Кәсіпкер әйел Гүлнәр Қайдарованың негізгі мамандығы инженер-электрик. Ал картон шығаратын салаға кездейсоқ келгенін айтады. Еңбек жолын аймақтағы зауыттардың бірінде бастаған. Тек 2006-шы жылы өз алдына бизнес ашуды қолға алған. Ол үшін алдымен жер керек екенін жақсы түсінген. Тұралап қалған кәсіпорынға тиесілі жерді иеленіпті.  

Гүлнәр ҚАЙДАРОВА, «ГОФРОТАР ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Мен бұл зауыттың жерін сатып алғанда мұнда үлкен модулді цех болды.  Ескі қондырғысы да бар екен. Сөйтсек, бұрын мұнда картон шығарыпты. Содан маған неге осы істі жалғастырмасқа деген ой кетпей қойды. Ақыры өзім сырын біле бермейтін бизнеспен айналысуды жөн көріп, қондырғылар сатып, алып картон шығаруды бастап кеттік.


Алғашқысында түрлі заттар салуға арналған картон қорапшаларын шығарған. Кейін мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен, заманауи қондырғылар сатып алыпты. Осының нәтижесінде түрлі пішіндегі қораптар мен жұмыртқа салуға арналған қапшық сынды өзге де өнімдерді шығара бастаған. Қазір түрлі түсті қағаз пакеттерді де жасап жүр. Бүгінгі күні өнім көлемі 3 есеге дейін ұлғайған. Қораптары ел аумағында ғана емес, шекара асып - Ресей мен Қырғызстанда да саудалануда.

Гүлнәр ҚАЙДАРОВА, «ГОФРОТАР ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Менің зауыт ашам деген ойым болмады. Бала күнімде дәрігер болсам деп армандадым. Оған түсе алмасам ғылыммен айналысам деп ойлағам. Бірақ, тағдыр маған әйел адамға жат болса да, осы өндіріс саласын жазыпты. Бастысы адамға бір іске деген құлшыныс болуы керек. Менің түсінгенім осы. Сонда барлығы өз ретімен болады.

Кәсіпкер бүгінде 150-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсібінің нәсібін көрген - бақытты ана. 2 ұл өсіріп, 3 немересіне де саланың қыр-сырын үйретуді мақсат етеді.

Ө. Қуанар