Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғыны күйеуінің бақилық болуына дәрігерлерді кінәлап отыр

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2020
  • 6885

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғыны күйеуінің бақилық болуына, дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, ақ халаттылардың салғырттығынан, науқас көз жұмған. Енді олар әділдік іздеп, дәрігерлерді сотқа бермек. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Отағасынан қапыда айрылып қалған Насимолдиновтар, науқасты екі мәрте 80 шақырымдағы  ауданға апарған. Қызы Натальяның айтуынша, өткен сенбі әкесінің жағдайы күрт нашарлапты. Ауыл болып Ұзынкөлден, Булаев қаласындағы орталық ауруханаға апарған. Дәрігерлер емдеу орталығына жатқызуға негіз жоқ деп үйге қайтарып жібергенін түсіне алар емес.  

Наталья ДЕНИСЕВИЧ, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:


Врачтар ешқандай сараптама жасаған жоқ. Қан алған жоқ. Түріне қарап пневмония деді де, жібере салды. Сосын мама телефонмен айқайлады врачтарға: қалдырыңдаршы, емдеңдерші, үйде не ем алады, ана жақта қадағалайсыңдар ғой деп! Олар тындамады. Біз қалдырмаймыз деп жібере салды үйге.

Туғандары: "ауылға қайтып оралған соң, науқастың жағдайы одан сайын нашарлағанын" айтты. Көп ұзамай қайта жолға шығып, ауданға жеткізген. Бұл жолы науқасты дәрігерлер қабылдағанымен, өлімге араша бола алмапты.  

Райхан НАСИМОЛДИНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘЙЕЛІ:


Үйге келген соң оның қол аяғы істемей қалды. Кейін біз оны көлікпен ауруханаға апардық. Жолда ерні көгеріп, сөйлей алмай қалды. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жатқызды. Сосын біршама уақыттан кейін жолдасым көз жұмды деп хабарлады.

Орталық аурухананың бас дәрігері, бұған қатысты түсінік берді. Айтуынша науқас алғаш келгенде жағдайы қалыпты болған. Бір емес, бақандай үш маман осындай шешімге келгенін алға тартты. Бірақ, марқұм өкпе қабынуынан емес, инсульттан қайтыс болды дейді.

Сәкен ӘМРИН, СҚО М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Пациент алғаш рет келген кезде оны кезекші дәрігер, терапевт пен хирург қарап шықты. Жүрекқағысы, қан қысымы қалыпты мөлшерде болды. Өкпесін рентгенге түсірдік. Өкпе қабынуының бастапқы сатысы анықталды. Бірақ жағдайы қанағаттарлық болған соң, ем домын үйінде жасасын деген шешім жасаған. Ал ол инсульттан қайтты деген болжам бар. Оның нақты себебін сот медициналық сараптама анықтайтын болады.  

Жақындары марқұмның осыған дейін де жүрек-қан тамыры ауруымен ауырғанын жеткізді. Бірақ медицина тарапынан көмек дер кезінде көрсетілсе, аман қалар еді деп отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Енді олар әділдікті соттан іздемек. Алдымен сот-медициналық сараптама қорытындысын күтуі керек. Ал ол тек бір айдан соң ғана дайын болмақ.


А. Құрманкин