Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауыл жарықсыз қалды

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2021
  • 2880

Қолайсыз күн райы еліміздің батыс аймақтарын әуреге салып қойды. Қар аралас жауынның кесірінен жоғарғы вольтты «Индер-Атырау» электр желісі істен шығып қалды. Осының салдарынан бір емес үш облыста бірнеше ауыл жарықсыз қалды. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарындағы тоқ дағдарысы халық пен бірге ірі өндіріс орындарын да тығырыққа тіреді. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғылар, сорғы мен компрессорлар жұмысы тоқтап қалған. Зауыт, алау жүйесін қосып артық газды жағып жіберуге мәжбүр болыпты. Лапылдаған жалын жергілікті тұрғындарды алаңдатты. Ал, Зауыт басшылығы болса газдың адамға да қоршаған ортаға да зияны жоқ екенін, айтып ақталды. Ал, экологтар болса өндіріс орны маңындағы күкірт сутегі мөлшері қалыпты жағдайдан 12 есеге жоғары екенін айтып отыр.

Әділет ШОШАНБАСОВ, АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ:

Электр жарығы сөніп, 21 сағат 30 минутта зауыт құрылғылары тоқтап қалды.  Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында отын газы алауын қостық. Ол, қауіпсіздік құрылғысы. Атмосфераға да адамға да зияны жоқ.

Сапар  ТҰРСЫНБЕКОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Күкірт сутегінен 10-12 есе асқан фактілері анықталды. Бұл қоршаған ортаны ластау фактісі болып анықталады. Жинақталған құжаттар санитарлық- эпидемиологиялық қорғау  мекемесіне  жолданылады.

Ал, энергетиктер болса электр жарығын тұрақтандыруға ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Дегенмен мамандар қажетті іс-шараны қолға алған.

Константин ЧЕРНОХАЕВ, «KEGOC» АҚ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БАТЫС ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Тек KEGOCтың электр жүйесінде ғана емес, Батыс Қазақстан жарық, Маңғыстау жарық, Атырау Жарықта да  орын алды. Қазір апатты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ ауа райы әлі де жақсармай тұр. Мамандар тексеріс жүргізіп жұмыс жасап жатыр. Маңғыстау электр станциясында қосымша қуат іске қосылды. Атырау мен Маңғыстау облыстарында электр энергиясында іркіліс болмайды деп ойлаймын.

Б. Нәдірқызы