Русский Сайттың толық нұсқасы

Теріскейде Бескөл ауылының тұрғындары қоғамдық көлікке зар болып жүр

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2021
  • 2955

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылы қоғамдық көлікке зар болып жүр. Облыс орталығына қатынайтын автобустар 1,5 сағатта зорға келетін көрінеді. Осының кесірінен ел, жұмысынан күнде кешігеді екен. Аудан әкімдігі болса бұл мәселемен айналысқанына 1,5 жыл болыпты. Бұқараның жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты.

Бескөл шетіндегі мына ауданды жергілікті тұрғындар - "Санта-Барбара", деп атап кеткен. Өйткені, бұл ауданның көкейкесті жыры өмірі бітпейді. Ең өзекті мәселенің бірі - қоғамдық көлік. 3 мың тұрғыны бар аудан автобусқа жарымай ақ қойды.

Күләш ҚЫЗБЕКЕНОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Орталықта автобус 15-20 минут сайн жүреді. Ал бізде 1,5-2 сағатқа кетеді. Әжеп-тәуір уақыт қой. Суықта жастар тоңады. Такси жалдасақ қымбат. Таң дүкеніне дейін 500 теңге, ал одан әрі қарай 1000 теңгеге дейін барады.

Бескөл - 14 мың халқы бар ірі ауылдың бірі. Аудан орталығында көлік қатынасы қиын. Әсіресе қақаған аязды күндері ауыр. Ел, ауылдың бір шетінен екінші шетіне дейін күніне 4-5 шақырым жүреді.

Сара ҒАБДУЛИНА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қай уақытта шығатынын білмейміз. Автобус когда захочет, тогда приезжает. Балалар қатқаннан кейін, ауырады. Екінші күні ешқайда бара алмайды. Бескөлдің дәрігерлері балаларды приемға шақырады. 3 км с ребенком как дойдешь? Не дойдешь!

Бескөлдегі көлік жырын жергілікті әкімдік жақсы біледі. Мәселемен айналысқандарына - 1,5 жыл болыпты.

Алексей ЮРГЕЛЬ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БЕСКӨЛ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Құзырлы компаниямен бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Интервалды 15 минутқа дейін қысқартуды сұрадық. Біз қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Бұл мәселені жолаушылар тасымалдау компаниясы мен қауымдастық шешеді.

Ал жолаушыларды тасымалдау компаниясы болса "Санта-Барбара" аталып кеткен ауданға автобус жіберу тиімсіз деп отыр. Түскен түсім шығынды жаппайтын көрінеді.

Галина СЕМЕНОВА, "СҚО АВТОКӨЛІК ОДАҒЫ" ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Тек таңертен және кешке қатынап жүретін ауыл тұрғындары үшін 1,5 сағаттық интервал жарайды. 101-бағыт Бескөлден Петропавлға қатынап жүр. Маршрутта 9 автобус бар. Олардың арақашықтығын 15-20 минутқа дейін қысқарту мүмкін емес. Бізде автобустар жетпейді. Ал қосымша автобус сатып алуға жағдай жоқ.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Дегенмен, жолаушыларды тасымалдау компаниясы қазір тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, маршруттық жүйені қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Бірақ олар, автобустардың жүру жоспарын бір сағатқа дейін ғана қысқарта аламыз дейді. Оның өзінде бұл мәселеге аудан және облыс басшылары араласуы керек. Яғни, әкімдіктерден қолдау болмай, автобус мәселесі шешілмейді.

А. Құрманкин