Русский Сайттың толық нұсқасы

Денсаулық және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына реформа қажет, - Президент

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2021
  • 1914

Қазақстанда профилактикалық медицинаны енгізу керек. Әлеуметтік көмектің атаулы болуына да баса назар аудару қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламенттің алдына жаңа міндеттерді жүктеді.

Реформаны қажет ететін салаларды атады. Сонымен қатар саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін төмендетуді тапсырды. Парламенттегі бірлескен отырысқа қатысқан әріптесім Әлішер Өмірзақ тақырыпты тарқатады.  

VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы әдеттегідей әнұранмен басталды. Мұнан соң ел Президенті сөз сөйледі. Жиналғандардың барлығы сергек. Ақ жейде, галстук, медициналық маска таққан. Тіпті ара қашықтықты сақтап, отырғызылған. Мемлекет басшысы биыл білікті, ел ішінде абыройлы адамдардың депуттат болғанын атап өтті. Дегенмен өте алмай қалған партиялар арасында да, төменгі палатада отыруға лайықты азаматтардың бар екенін алға тартты. Сондықтан келесі сайлауға ынталандыру мақсатында, Мәжіліске партиялардың өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтарда бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді.

Сонымен қатар дауыс беру блютеньдеріне «бәріне қарсымын» деген нұсқаны да енгізуді ұсынды. Бұл әлемде бұрыннан бар тәжірибе екенін айтты. Мұнан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерісті қажет ететін салаларды атады. Соның бірі сот жүйесі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал.


Ұлттың денсаулығы да ел Президентінің назарында. Саланы модернизациялау, пандемия жағдайында өзектілігі айқын көрсеткенін тағы да еске салды. Мұнан бөлек, Президент әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қалпына келтіру қажет - деді. Халықтың әлжуаз азаматтарына қолдау көрсетуге неғұрлым басымдық берілсін деп отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Зейнетақы жүйесі әділ болып, адамдар мүддесіне сай болуы керек. Біз маңызды, бірегей реформаны - зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар азаматтарға өз жинағын түрлі құрал арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Бекжан Садықов, Президент берген тапсырмалар елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға өз септігін тигізеді дейді. Және адами капиталды өсіру -  мемлекеттің басты мақсаттарының бірі болуы тиіс дегенді алға тартады.

Бекжан САДЫҚОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Әрине, адами капитал мемлекеттің өркендеуіне өз септігін тигізеді. Парламенттің жаңа құрамы білім саласына ден қойып, заңның шеңберінде - қажетті реформаларды, бар проблемаларды шешеді деген ойдаймын. Сонымен қатар әр саладағы қызметкер кәсібилігін шыңдап, тиімділікті арттыру қажет.

Дейтұрғанмен, жетінші шақырылым депутаттарына Президент екі міндетті айқындап берді. Ол - сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу деді.

Ә. Өмірзақ