Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда көп балалы отбасы далада қалды

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2021
  • 3364

Қызылжарда жалдамалы үйі өртеніп кеткен отбасы бес баламен бірге далада қалды. Дүйсембиндер әулеті осы күнде жазғы шай ішетін үйшікте күнелтіп отыр. Қысқа арналмаған ғимарат пана болатын емес. Отағасы күні-түні пеш жаққанның өзінде үйдің іші "қорадай" суық көрінеді. Әкімдік болса бұл іске араласатын емес. Абзал Құрманкин тақырыпты өрбітеді.

Балаларына жарқын болашақ беру үшін  Дүйсембиндер әулеті Мамлют ауданынан Петропавлға 2017 жылы қоныс аударған. Бірден жер үйді жалдап, өз баспаналарына қаражат жинай бастапты. Алайда, араға үш жыл салып бүкіл армандары су сепкендей басылды. Себебі, жиып-терген барлық қаржысы жалдап тұрған үймен бірге өртеніп кеткен.

Гүлдана ДҮЙСЕМБИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өрт көршінің үйінен шықты. Біз тек балаларды шығарып үлгердік. Далада қалдық сол кезде. Түк қалған жоқ. Сіңлімнің де, балаларымның да документтері, бүкіл ақшамыз күйіп кетті.

Қазір ерлі-зайыптылар бес баламен бірге көршілері ұсынған жазғы үйде тұрып жатыр. Тап-тар бөлмені жылыту үшін отағасы пешті күніне 4-5 рет жағады екен. Дүйсембиндердің мәселесі әлеуметтік желіде жария етілді. Артынша бұқара аз да болса қол ұшын созып, отбасын киім-кешек, азық-түлік және отынмен қамтыған. Қазір тек баспана мәселесі ғана өткір тұр.

Гүлдана ДҮЙСЕМБИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қызым ауырды осында келгесін. Жөтеліп, мектепке бармай жүрді. Өзіміз де кішкене нетіп қалдық. Өйткенә салқын,аяқтан сыз өтеді. Үйдің сәкісі суық, бәлең палас төсеп қойдық. Көмекті әкімдіктен ғана тосып отырмын. Тұратын жер берсе болды. Одан басқа ештеңе сұрамаймын.

Отанасы жергілікті биліктен көмек сұрап, желтоқсанның 24 күні қала әкімінің атына хат жазған. Алайда, шенеуніктер бір айдан бері үнсіз отыр. Ал бізге: «әкімдіктің меншігінде бос пәтер жоқ», деп жауап қатты.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі кезде қала бойынша уақытша баспана жоқ. Егер де босап жатқан жағдайда,комиссияның шешімімен бұл кісіге пәтер беру қажет деп шешілсе, онда пәтер берілетін болады. Ол кісі 2019 жылдың сәуір айынан бастап пәтер кезегінде тұр. Пәтерді ол тек кезек бойынша ала алады. Қазір оның кезегі - 112ші.

Сөйтіп, биліктен жақын арада қайыр болмайтын көрінеді. Сондықтан үйсіз-күйсіз қалған отбасы әзірге азынап тұрған үйді паналауға мәжбүр.

А. Құрманкин