Русский Сайттың толық нұсқасы

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты ереже әлі дайын емес, Мәжіліс Депутаты

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2021
  • 1347

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты ереже әлі дайын емес. Депутат Аманжан Жамалов бүгін, "Асықпай қимылдайтын Үкіметті" әбден сынға алды. Президенттің өзі қол қойған Заң әлі күнге дейін министрлер кабаинетін аралап жүр, деді Мәжіліс депутаты. Ал, мәжілісмен Айбек Паяев болса, Қазақстандағы жалақының төмендігіне қапаланды. Ол «әлемдегі 56 мемлекеттің ішіндегі ең төменгі еңбекақы біздің елде» деп ашынды.  Айя Мүтәлі тарқатады.

Мәжілістің жаңа құрамы бүгін екі өзекті тақырыпты қаузады. Қаузап қана қоймай, Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзінен жауап талап етті. Депутат Аманжан Жамаловты зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ереже алаңдатты. Ол құжат күшіне енгенімен, бекітілуі тым ұзаққа созылып кетті деп отыр. Соның кесірінен 761 мың азамат қайда барарын білмей, сабылып жүр. Көбі арыз-шағымдарын білдіріп те үлгерген екен. Мәжілісмен ол аздай, жаңа заң жобасында халықтың кейбір кем-кетігі ескерілмегенін атап өтті.

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл ретте азаматтардың әдеттегі өмірлік жағдайлары - басқа өңірге немесе қалаға көшуі, тұрғын үй жағдайларын одан әрі жақсарту жағы ескерілмеген. Халық, салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігін беруді және өз тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып жатыр. Кейбірі 5 жыл бойына тұрғын үй сатуға қойылатын шектеудің енгізілуіне наразы.

Ал депутат Айбек Паяев елдегі ең төменгі жалақы мәселесін көтерді. Ол қазақстандықтардың ай сайынғы еңбекақысы өсудің орнына, бір орында қалып қойғанына наразы. Оның сөзінше, еліміздегі күнкөріс деңгейі Нигерия мен Өзбекстаннан да төмен екен. Ал азық-түлік бағасы болса, арзандаудың орнына шарықтай түскен. Ол бір жылдың ішінде 14 пайызға дейін өсті, дейді депутат. Қалта мен баға балансы жаңа мәжілісменді әбден күйіндірген екен.

Айбек ПАЯЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұдан келіп шығатыны, Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жағдайы нашарлаған. Ал қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін ең төменгі жалақы орташа жалақымен ғана емес, отбасының жұмыс істемейтін мүшелерін ескере отырып, нақты өмір сүру құнымен де байланысты болуы керек.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Екі депутаттың да көтерген мәселесі Премьер-министрге жолданды. Мәжілістің жаңа құрамы бүгін халыққа жағуға тырысқаны байқалып ақ тұр. Депутаттар белсенділігі тұрақты ма әлде бұрынғы Мәжіліс қалпына түсе ме? Оның енді уақыт көрсетер.

А. Мүтәлі