Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында әрбір екінші жұптың тағдыры ажырасумен аяқталады

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2021
  • 2736

Пандемия кезінде теріскейде ажырасатындар көбейген. Ресми дерекке қарағанда Солтүстік Қазақстан облысында әр екінші жұп тіл табыса алмай жатыр екен. Әділет органдары жүргізген есеп бойынша заңды некеге тұрғандар бір жыл ішінде ажырасып тынатын көрінеді. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз қаузап көрді.

Петропавл тұрғыны Әсел Есімова 21 жасында күйеуге шығып, не бары бір жарым жылдан кейін ажырасып кеткен. Жас келіншек жалған сезімнің арбауына түсіп, артынша опық жегенін айтады.

Әсел ЕСІМОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жігіттердің көбі алимент төлеуден жалтарады. Мысалы мен 14 жыл бұрын ажырасып кеттім. Бұрынғы жолдасым әрі кетсе төрт жылын ғана өтеген шығар. Бармаған жерім жоқ. Нәтиже шықпады. Жас болған соң, қатеге бой алдырдық деп ойлаймын. Бір-біріміздің мінезімізді түсініп, отбасылық проблемаларға шыдауымыз керек еді.


Психолог мамандардың айтуынша, жас отбасылар үшін алғашқы жыл үлкен сынақ. Жасқанбай, бір-бірінің көңілін таба білгендер үйлі-баранды болып кетеді. Балалы отбасылар әсіресе сабыр болуы керек. Өйткені, ажырасу балаға ауыр.

Дмитрий АГАПОВ, ПСИХОЛОГ:

Отбасылық жанжалдар балалардың көңіліне қатты әсер етеді. Балақайлар үйдегі айғай шудан қажып кетеді. Ал, әке-шешесі айырылысқаннан  кейін балалардың психикалық жағдайы қалпына келеді. Сондықтан ажырасуды бүкіл жағдайларда шалыс басқандық деп айта алмаймын.

Қызылжар өңірінде әрбір екінші жұптың тағдыры ажырасумен аяқталады. Құзырлы органдардың мәліметінше оның бірнеше себебі бар. Көп жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезін көтере алмайды. Тағы бір себеп - отбасылық қаржыға келіп тіреледі.

Татьяна ГОРИЧЕВА, СҚО ӘДІЛЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Мемлекеттік тіркеуден өткен некенің 72% сәтсіз аяқталады. Яғни, былтыр 2930 отбасы құрылса, оның 2105-і ажырасып кеткен. Айырылысқан ер адамдардың орташа жасы 40 жас, ал әйелдердікі 38 жас.

Ал, медиаторлар некенің сәтсіз аяқталуын - мемлекеттік көмектен көріп отыр. Кейбір отбасылар, әлеуметтің әлжуаз тобына кіру үшін некеден әдейі бас тартады екен.

Самат НҰРМАНОВ, КӘСІБИ МЕДИАТОР:

Ажырасудың тағы бір себебі – материалдық жағдай төмендігі. Шығынды көтере алмағандар әлеуметтік әлжуаз топқа кіру үшін әдейі ажырасып кетеді. Сөйтіп олар, түрлі бағдарламарға кіріп әлеуметтік төлемдерге қол жеткізеді.

Ажырасу деген кезінде ұят еді. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс әзірге оңтүстік аймақтарда сақталып отыр. Ал, қазақы дәстүрден алыстаған солтүстік пен шығыс аймақтарда ажырасу жылдан жылға көбейіп барады екен.

А. Құрманкин