Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыстың Ресейге салған санкциялары теңгеге әсер етуі мүмкін, - сарапшылар

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2021
  • 2290

Еуропа мен АҚШ-тың Ресейге салған жаңа санкциялары теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Отандық экономистер осындай болжам жасап отыр. Ал, батыс елдері Ресейге қатысты санкцияны Навальныйдың тұтқындалуынан кейін күшейтіп отыр. Бірақ, ол қысымдарды Кремль пысқыратын емес. Алексей Навальный болса түрмеде отырып Ресей билігін масқаралауда. Жуырда ол Путиннің кең сарайы туралы жаңа зерттеуін шығарып бүкіл Ресейді дүрліктірді.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың тұтқындалуы әлемдік саясаткерлерді алаңдатып отыр. Кремльдің әрекетін Еуропарламент ашық сынады және Навальныйдың шұғыл босатылуын талап етті. Ресей болса, сол баяғы әдетінше Батыстың өзін айыптады. Осыдан кейін Еуропа санкцияларды күшейтуге кірісті.

Дэвид МАКАЛЛИСТЕР, ЕУРОПАРЛАМЕНТ СЫРТҚЫ ІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Навальныйды тұтқындау және оны қамауға алу ақылға қонымсыз. Бұл әрекет халықаралық талаптарға және Ресей заңына қайшы.

Көп санкциялар арасына даулы, "Солтүстік ағын-2" жобасы да ілінді. Ол енді тоқтап қалуы мүмкін. Оны, нидерландылық социал-демократ Кати Пири ұсынып отыр. Бұл бастаманы Еуропарламенттің басқа өкілдері де қолдады. Батыс, Ресейдің барлық шенеуніктеріне қатысты санкцияны күшейтпек.

Жозеп БОРРЕЛ, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

ЕО-тың Сыртқы істер жөніндегі кеңесі қаңтардың 25 күні Навальныйдың қамауға алынуын талқылайды. Басты мақсат санкцияларды күшейту. Одаққа мүше елдерден тиісті ұсыныстар күтеміз.
 
Ал, Навальный түрмеде отырып Кремлдің есін қашырды. Жақында ол, "Путин сарайы", немесе "Ең ірі пара тарихы" атты зерттеуін жариялады. Онда ол, Ресей Президентіне тиесілі деп Геленджиктегі ірі құрылыс нысанын көрсеткен. Навальный сондай ақ, "Пара алудың ең күрделі жоспарын әшкере қылдым", дегенді айтты. Сөзіне қарағанда, Путинге бір миллиард доллардың сарайы салынып жатыр екен. Бұл зерттеуді Кремль теріске шығарды. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны, кезекті ақпараттық шабуыл, деп атады.

Қалай болғанымен Ресей оппозициясының серкесі Ресейді ғана емес Еуропаны да шулатты. Бір ұшы біздің елге де жеткендей. Себебі, Еуропаның Ресейге қарсы санкциялары теңгені құлдыратуы мүмкін екен.

Сапарбай ЖҰБАЕВ, САРАПШЫ:

Мәселен бізге келген ресейлік инвесторлар бар. Өздері үлкен-үлкен жобаларды жүзеге асырмақшы. Егер шектеуге байланысты кейінге шегерілер болса, ауқымды жобалар аяқталмай қалуы да мүмкін.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
 
Ал, кейбір сарапшылар Навальныйдың ұсталуы теңге бағамына қатты әсер етпейді деген пікірде. Сөздеріне қарағанда еуропалық санкцияларға Ресейдің еті үйреніп кеткен. "Сондықтан алаңдайтын ештеңесі жоқ", дейді отандық экономистер.

Ғ.Өтемісов