Русский Сайттың толық нұсқасы

Жергілікті халық әкелген жәдігерлер, мұражайға сыймай жатыр

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2021
  • 2806

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары әкелген жәдігерлер, «Ежелгі Орал» мұражайына сыймай жатыр. 18 жылда 21 мыңнан астам экспонат жиналған.Жергілікті халық аманаттап тапсырған жәдігерлердің арқасында бас құраған орталық бүгінде халықтық музейге айналғандай. Ақжайық атырабындағы түрлі тарихи оқиғалардың тілсіз куәсі болған көне мекен туралы тілшіміз әңгімелейді.

Мұндағы жәдігерлердің көбісі дерлік жергілікті тұрғындардан жиналған. Көненің көзін үйінде ұстағысы келмегендер ескі фотосуреттер, кітаптар мен тұрмыстық заттарды да осында әкеп тапсырады. Бүгінде музейде 21 мыңнан асатын экспонат бар. Олардың 3 мыңға жуығы - революцияға дейін түсірілген фотосуреттер. Сонымен қатар, көне жиһаздар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, балықшылардың құрал-сайманы, наградалар және монеталар да бар.

Геннадий МУХИН, «ЕЖЕЛГІ ОРАЛ» МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Басында көрме ұйымдастыратын едік. Кейін тұрғындар тапсырған жәдігерлер жинақтала келе осындай мұражайға айналды. Бір күні бір кейуана мынадай шәйнек әкелді. Тексеріп қарасақ, 19 ғасырдың соңындағы ұсталар қолынан шыққан бұйым екен. Әжей бізге осы шәйнекті сыйлық ретінде тарту етіп қуантты. Мұндай адамдар көп.

Музейге келушілер үшін түрлі тақырыптық кездесулер де ұйымдастырылып тұрады. Олардың ішінде көне заттардың белгілі бір түрін жинап жүрген коллекционерлер де бар.

Сергей БЫКОВ, Х.ЕСЕНЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ МАМАНЫ:

Осында келген көптеген белгілі өлкетанушы, тарихшылар мен ақындармен жүздестік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе сабағы болды. Сондықтан, құнды жәдігерлермен қатар естен кетпес естеліктерді де жинадық деп айтуға болады.

Әбден тот басқан мына ескі қазан біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда құйылған екен. Былтыр бұл бұйым Ақжайық ауданында табылып, осы мұражайға тапсырылыпты. Мұндай заттарды көптеп жинап, қатарын толықтыруға қазіргі ғимарат тарлық ете бастаған. Ал жаңа қонысқа көшуге музей қызметкерлерінің қолы қысқа. Өйткені келушілерге тегін қызмет көрсететіндіктен, түсер табыс жоқ.

Е. Карин