Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 82 жастағы қария мәйіті өзі тұратын ауылдан табылған

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2021
  • 5268

Атырау облысында 82 жастағы қарияның мәйіті, өзі тұратын үйдің ауласынан табылды. Әлеуметтік желіде: "мүрденің бөлікке бөлініп, бірнеше айдан бері сақталғаны" желдей есіп жүр. Алақандай ауылдың тыныштығы бұзылды. Марқұмның мектепте мұғалім қарындасын, мектеп басшылығы жұмыстан шеттеткен. Үрей құшқан ауылға барып қайтқан әріптесім Базаргүл Нәдірқызының репортажы.

Соңғы екі күннен бері аядай ғана Таңдай ауылында құзырлы орын мамандары шабылып жүр. 82 жастағы қарияның мүрдесі, өз үйінің ауласынан табылыпты. Қазір 400-дей түтіні бар елдімекенді үрей кезген. Тұрғындар бұл қылмысқа марқұммен бірге тұратын қарындасының қатысы болуы мүмкін деген қауесет тарағанын айтады.

Сара МОЛДАҒАЛИЕВА, ТАҢДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше естідім бұл жағдайды. Бірге тұрады деп естідім. Сол қыз бала тап сондай істей алады деп ойлайсың ба, мысалы. Ойлай алмаймыз. Ақылға сыймайтын нәрсе. Білмедік.


Меңдіғали САБЫРОВ, ТАҢДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Шошитын жағдай ғой. Бұрын механизатор боп жасады. Совхозда трактор айдады. Қарындасы мұғалім болып жасады. 30 жылдың үстінде жасаған сияқты. Негізі алып кетіпті, қайтадан бірақ жіберді дейді. Тергеу жүріп жатыр деді.


Марқұмның қарындасы ауылдағы мына Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектепте отыз жылдан аса ұстаздық етеді. Мектеп директоры телефонмен тілдесу барысында, биология, химия пәндерінің мұғалім қазір  жұмыстан уақытша шеттетілгенін айтты.

Серік ҚОЙБАҚОВ, Қ.АХМЕДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Ол кісіні кінәлі деген жоқ. Тек қана әзірге куәгер ретінде деп маған қағаз беріп отыр. Жоғары жақтан маған қағаз келді. Бүгіннен бастап жұмыстан қоспай шеттетеміз. Тергеу амалдары бәрі бітіп, оң-қарасын шешіп бергенше ғой. Үйінде болған жағдайға, ауылдағы ахуалға байланысты шеттетіліп жатыр.


Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ,ТІЛШІ:
 
Сұмдық оқиғадан соң алақандай ауылдан маза қашқан. Тұрғындар бұл жағдай туралы тіс жарып айтқысы келмейді. Ауылдастарының мұндай әрекетке барғанына да сенгісі жоқ. Ал  полиция департаменті тергеуді бастап кетті.


Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Махамбет ауданы Таңдай ауылында  82 жастағы ер адамның мүрдесі табылғандығы туралы факті тіркелді. Бірқатар сот экспертизалық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Мамандар сараптама қорытындысы кем дегенде 1 айдан кейін ғана белгілі болады,- дейді.   

Б. Нәдірқызы