Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда 17 жастағы жасөспірім іздестіріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2021
  • 2296

Із-түзсіз кеткендер. Елімізде 160-тан астам жасөспірім іздестіріліп жатыр. Тек Тобыл өңірінде былтыр 60 бала жоғалыпты. Олардың барлығы дін аман, үйіне оралды. Аймақ полицейлері мен еріктілер тобы енді 17 жастағы Анастасияны таба алар емес. Кәмелетке толмаған буынның көбісі неге үйінен безіп кетеді? Сауалдың жауабын Заңғар Санай іздеп көрді.

Колледж шәкірті Анастасия қаңтардың он жетісі күні үйінен шығып кеткен. Сол кеткеннен оралған жоқ. Оның анасы 3 күннен кейін полицияға жүгініпті.

Алмас ЕРМАХАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Үйден кету себебі ол өз жігітімен кездесу болған. Шешесі  оған қарсылық білдірген. Ұрысып үйден шығып кеткен. Бұрын ол үйден бірнеше рет кетіп қалған. Ювенальды полиция бөлімінде ол тіркелген алдында.


Жасөспірімді іздестіруге Қостанайдағы еріктілер жасағы да қол ұшын созуда. Олар Тобыл қаласының аумағын аралап шыққан. Қазір ақпараттық агенттіктер мен әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Владимир ШАУФЛЕР, ЕРІКТІ:


Оның кездесіп жүрген жігіті Тобыл қаласында автотұрақта жұмыс істейді деген ақпарат болды. Біздің жедел құрам сонда барып, әлгі жігітті іздедік. Өкінішке қарай оны да таба алмадық.

17-дегі бойжеткеннің қай жерде бой тасалап жүргені белгісіз. Полицейлер мен волонтерлер оны сүйіктісімен бірге болуы мүмкін деген болжам айтады. Еріктілер тобы былтыр қырыққа жуық іздестіру шараларына атсалысқан. Отыз адамнан құралған жасақ Анастасияны да таппай қоймаймыз деп отыр. Жалпы республика бойынша қазір 160-қа жуық бала іздестірілуде. Хабар-ошарсыз кеткендердің ең кенжесі 2 жаста болса үлкені он жетіде екен. Ересектері көбіне ата-анасымен тіл табыса алмағандықтан үйінен кетіп қалатын көрінеді.  

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Өткен жылы өңірде 60 жасөпірімге іздеу жарияланған. Хабарсыз кеткен қалың баланың түгелі дін аман. Олардың кейбірі өз еркімен үйіне оралса, тағы біреулерін тәртіп сақшылары мен еріктілер тапқан.

З. Санай