Русский Сайттың толық нұсқасы

Қойнауы қазынаға толы аумақтар тағы да онлайн-аукционға шығарылды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2021
  • 2055

Қойнауы қазынаға толы аумақтар, тағы да онлайн-аукционға шығарылды. Энергетика министрлігі елімізде көмірсутектерді барлау және өндіру құқына ие болуға мүмкіндік беретін аукцион жариялады. Бұл жолы бәссаудаға 15 кен орны шығарылып отыр. Олардың екеуі Қызылорда, үшеуі Атырау, біреуі Түркістан, қалғаны Ақтөбе облысы аумағында орналасқан. Олардың ең арзаны 500 мың АҚШ долларынан басталады.   Ең қымбаты - Ақтөбе облысындағы Булашское учаскесі 13,2 млн. АҚШ долларына бағаланған. Аукционға қатысқысы келетіндер 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 300 мың теңге алғашқы жарна төлеуі тиіс. Онлайн -аукцион 23-ші сәуірге белгіленген. Ал құжаттар қабылдау наурыздың аяғана дейін жүреді. Энергетика министрлігі бұған қатысты жауап берді. Олар кен орындары мен ұнғымалар жалға ғана беріледі,- деді.  

Ақнұр ҚАМБАРОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Аукцион арқылы жер учаскесіне меншік құқығы емес, белгілі бір мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығы берілетіндігін атап өту маңызды. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексімен реттеледі. Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау шартына қол қояды.  

Айта кетейік, былтыр жыл соңында өткен алғашқы онлайн аукционға 7 жер учаскесі қойылды. Алғашқы баға 263 миллион теңге болып белгіленгенмен, 61 миллиард теңгеге саудаланды. Жауапты министрліктің мәліметінше, қазыналы кен орын иелері ол аумақтарда әлі жұмыс бастамаған.

Б. Надирқызы