Русский Сайттың толық нұсқасы

Бес бірдей көп қабатты үйге тиесілі балалар алаңын не үшін бұзбақ?

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2021
  • 1998

Елордалық тұрғындар балалар алаңын бұзуға қарсы. Олардың айтуынша 5 бірдей көпқабатты үйге тиесілі алаңқайға құрылысты бастап кеткен. Осыған ашулы "Милленниум Парк" тұрғын үй кешенінің халқы, әкімдіктен араша сұрап отыр. Тараптарды тындап келген әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

"Милленниум Парк" тұрғын үй кешінінің ел игілігіне берілгеніне 6 жылдай уақыт болған. Өткен жылдың күзінен бастап, бұқараның тыныштығы бұзылған. Балалар алаңқайының бір бөлігі - құрылыс компаниясына өтіп кетіпті. 2015 жылдан бері осында тұратын Динара, сатып алған кезде жоспарлау жобасы басқаша болғанын айтады.

Динара СЫРЫМҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді одан кейін құрылыс компаниясының ұсынысымен тағы да өзгерткен. Олар өзгеріс енгізуге болатын болса, онда әкімдікпен келісіп біз ортақ шешімге келсек мына жобаға кішкене жоспар енгізсе "БАЗИС А" кедей болып қалады деп ойламаймын.

Тұрғындар маңайдағы жолдарды мердігер компания өкілдерінің жауып тастағанына ашулы. Соның салдарынан көлік қойытн жер тарылғанын айтады. Мәселе құрылыс біткен соң да ұшығатынына сенімді.  

Оралбек ҚАЙЫРЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің балалар алаңының орнын жартысын алып тұр. Біз қарсымыз оған. Біздің балалардың ойнайтын жері жоқ бұл - бір. Екіншіден, мына жерде салынып жатқан үйдің машина тұрағы жоқ. Мынау біздің үйдің алдына әкеп қояды. Менің үйімнің алдында машина қоятын жер жоқ. Ана жерге "П" үлгісінде салмақшы, ананы "Г" үлгісінде қалдырсын. Біздің жерімізге тиіспесін.

Базына бұқараның жиналғанын естіген мердігер компания өкілі де, алаңға келді. Ол барлық әрекетті заңға сәйкес жасап жатқанын жеткізді. Қолында құжаттарының да бар екенін айтты.  

Антон БОРИСОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Біз тұрғындармен жұма күні кездесіп барлығын егжей-тегжейлі түсіндірдік. Мәселені ортақ, ымыралы жолмен шешкіміз келеді. Паркинг мәселесі, алаңды үлкейту сонымен бірге қоқыс орнын ауыстыру жайын талқыладық. Құрылысты тоқтата алмаймыз, бірақ басқа жолдарын қарастырамыз.


Жағдайдың ақ-қарасын білу үшін қалалық сәулет құрылыс басқармасы мамандарына жүгіндік. Мұндағылардың сөзіне сенсек, құрылыс құжатқа сай жүргізілуде. Өйткені жер учаскесі құрылыс салушыға тиесілі. 2017 жылы жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліпті.

Нұрлыбек СЕЙІТЖАППАРОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Түбегейлі жоспарлау жобасына сәйкес өзгерістер енгізгеннен кейін 2019 жыл эскиздік жобаға келісім алды. Осыған сәйкес, 7 қабатты 2 әкімшілік-тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр. Аталған жоба сараптамада өткенін қосымша хабарлаймыз және де аумақты көгалдандыру және абаттандыру, өрт қауіпсіздігі, оқшаулау мәселелері қаралады.


Тұрғын үй кешінінің халқы құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде бір шикіліктің болғанын айтып отыр. Жауапты мекемелерге хат жазғанмен де ешқандай нәтиже болмапты. Енді олар өзара қол жинап, Президенттен көмек сұрамақшы.   

А. Данияр