Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сот басталды

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2021
  • 2565

«Туған күніме берген сыйлық еді...» Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюпов үйінен табылған конверт толы ақшаның сыйлық екенін айтып ақталған еді. Онлайн режимде өткізілген сот кезінде экс-шенеунік бұл конвертті ұжымдастарының туған күніне сыйға тартқанын айтты. Тіпті осы сыйлықты алған кезде өзінің мас болғанын да жасырмады. Осылайша конвертте қанша ақша салынғанын қарайтын халі болмаған. Ал тендерге қатысқан компанияның өкілі мұны теріске шығарып берді. Оның айтуынша, Болатбек Қаюпов тендерде көрсетілген соманың 10 пайызын сұратқан. Кәсіпкер амалсыздан басқарма басшысының талабын орындауға мәжбүр болдым дейді. Яғни, даулы конверттегі ақша - осы қаржының бір бөлігі. Бір қызығы, пара ретінде берілді деген ақшаның қалғаны табылмапты.

Нұргүл ҚАНАТБАЕВА, БҚО СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Орал қалалық сотында Болатбек Қаюповке қатысты және Серік Туралиевке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыптаушының жаңа айыптау актісін жасау үшін уақыт сұрап, өтініш білдіруіне байланысты келесі сот отырысы жаңа айыптау актісін жасау үшін 1-ақпанға қалдырылды. Істің қаралу барысы бойынша қосымша хабарланатын болады.

Өңірдің бас дәрігері медициналық жабдықты жеткізуші компания басшысынан 7 миллион 800 мың теңге пара алды деген күдікпен қамалғанын осыған дейін хабарлаған едік. Шенеунік өз сыбайласымен бірге «Бағасы 78 миллион теңге тұратын медициналық мониторларды қабылдап алдық, бәрі дұрыс» деп қол қойғаны үшін 7 миллион 800 мың теңгені қалтаға басқан деген күдікке ілікті. Кейін бған қоса Қылмыстық Кодекстің 366 бабының бірнеше тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Е. Карин