Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жекеменшік үйлер көгілдір отынға қосыла алмай отыр

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2021
  • 2016

Елордада жекеменшік үй иелері газға қосыла алмай отыр. Басты себеп көгілдір отынды үйге кіргізу құны тым қымбат. Қалтамыз көтермейді,-дейді елордалық тұрғындар. Айтуларынша, газ құбырын тартқызу құны шамамен 700 мың мен 1,5 миллион теңге аралығында. Бүгін Үкімет отырысында көптің көкейіндегі сауалға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жауап іздеді. Оған қоса Батыс Қазақстандағы күрмеуі қиын мәселені шешу қажеттілігін ескертті.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Бас шаһарда шамамен 22 мыңнан астам тұрғын үй бар. Соның бәрі табиғи газға ауыстырылады. Бірақ, қашан деген сауалға әлі жауап таба алмай әлекпіз.

Әкімдік үш кезеңнен тұратын газдандыру бағдарламасы қарқынды жүргізіліп жатыр,- дейді. Алайда, қолбайлау тұстары да жоқ емес. Мәселен, Көктал шағын ауданына газ құбыры тартылған. Бірақ, тұрғындар газдың қызығын көре алар емес. Бар түйіткіл оның бағасында екен.

Серік ТАЛАСБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен әлі тартқан жоқпын. Маған келіп, бәрін өлшеп кетті. 14 метрге дейін 350 мың деді, әр метрі 3,5 мың деді. Менікі сонда 1 миллион 70 шығып отыр. Сондықтан тарта алмай отырмыз.


Шарықтаған баға мәселесін бүгін Үкімет отырысында Президент те көтерді. Ол ел астанысн газдандыру мәселесіне жеке тоқталды. Қала әкімінен бұл мәселені қалай шешетінін сұрап көрді. Сонымен бірге бағаны төмендетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елорданы газдандыру жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тікелей тапсырған еді. Қазір бірақ азаматтардың үйлерін газға қосу қарқынын сақтау керек. Жеке үйлердің газға қосылуы жағынан мәселе барын естіп жатырмыз. Себебі олар үшін газға қосылу бағасы жылына 500-700 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл өте қымбат сома секілді.

Ал әкім Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтандағы 16 тұрғын үй алабындағы 300 шақырым жерден газ желісі тартылғанын айтты. Жеке үйлерде мәселелердің барын мойындаған ол мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрап жүргенін де жеткізді. Қазір бұл сома 240 мың теңгеден 150 мыңға дейін азайтылды,-деді. Қала әкімі бағаны тағы да төмендетуге бар күшін саламын деп уәде етті.  

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрадық. Мәселен мердігерлер бұрын газға қосу үшін ғана 240 мың теңге сұрайтын. Қазір бұл қызметті 150 мың теңгеге дейін азайттық. Олар келісті. Тұрғындар оған қуанып жатыр. Газдандыру қарқынын азайтпаймыз. Бәрі жоспарда.

Жиында бұдан бөлек, өзге де инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды. Президент үй құрылысы, мектеп, аурухана сынды кезек күттірмейтін нысандарды арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ ол инжинерлік, коммуналдық қиындықтардың да алдын алу керектігін ескертті. Дәл осы жиында Батыс Қазақстан облысы әкіміне де жаңа міндеттер жүктеді. Аймақ үшін жауыр болған жарықтың жайын шешуді міндеттеді. Өңірдегі әріптесім Еркін Карин мәселені жай күйін жеткізбек.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Ғалымжан, Батыс Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Өйткені өңірдегі электр желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Ескірген желі жел тұрса да, жиі-жиі үзіледі. Осының кесірінен өңірді электр қуатымен үзбей қамту қиындап отыр.


Мысалы, былтырдың өзінде осындай 182 апат тіркеліпті. Яғни, ауа райы нашарлағанда жарықтың жалп етіп өшіп қалуы екі күн сайын қайталанған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елді ары қарай дамытудағы маңызды тетіктердің бірі – электр энергиясы жүйесінің үзіліссіз әрі сенімді жұмысы. Кейінгі кезде көрші елдердің электр жүйелеріне деген тарихи тәуелділіктің салдарынан оңтүстік өңірлерді электрмен қамтуда мәселелер пайда бола бастады. Осы жылдың 10 қаңтарында Батыс Қазақстанда тіркелген апаттық оқиға аталған аймақтың электр жүйесіндегі кемшіліктерді айқындап берді.

Облыс аумағындағы электр желілерінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. Бұл аздай, өңірдегі жарық таратушы компанияны сенімгерлік басқаруға алған жаңа қожайыны да үмітті ақтамапты. Енді тозығы жеткен қондырғыларды алмастыру үшін кемінде 80 миллиард теңге керек. Бұл үшін электр желілерін таратушы кәсіпорны коммуналдық меншікке қайтарылуы тиіс.

Бейімбет МУСИН, БҚО ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы қазіргі уақытта коммуналдық меншікке беру жұмыстары жалғасуда. 80 пайыздан астам тозығы жеткен желілерді мемлекеттік бағдарлама аясында қайта жаңғырту жұмыстарын жасау көзделуде.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Президенттің айтуынша, енді бес жылдан кейін электр қуаты тапшы болуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі электр жүйесін Қазақстанның бірыңғай электр энергиясы жүйесіне қосу керек. Осылай деген мемлекет басшысы Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын дайындауды Үкіметке тапсырды.

Ғ.Өтемісов