Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорларға арнайы жазуы бар жейде кигізу қажет - А.Шпекбаев

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2021
  • 2296

"Олар заңнан да, құдайдан да қорықпайды". Жемқорлық жасағандарды қоғамдық жұмысқа тартуды күшейту қажет. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен алқылы жиында, агенттік төрағасы Алик Шпекбаев осылай деді. Ол осылайшы жемқорлар қосымша жазаланатынын жеткізді. Тек бұл емес, қылмыскерлерге арнайы жазуы бар жейдеше кигізуді ұсынды. Осылайша агенттік төрағасы елдегі жемқорлар санын азайтатынына сенімді. Жең ұшына жалғасқан жемқорлықтың артуына не себеп? Пандемияда қалтасын қампайтқандар кімдер? Тақырыпты әріптесім жалғастырсын.

Агенттіктің алқа отырысына барлық мелекеттік аппарат өкілдері қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының қабағы қатулы. Себебі 2020 жылдың қорытындысы көңіл көншітпейді. Жемқорлық фактілері былтырғыдан екі есе артып, қылмыстық істер бойынша өтелген залал құны 50,7 млрд теңгені құраған. Пара алу және ұрлау ісі де едәуір артқан. Агенттік мұны пандемиямен байланыстырып отыр. Тіпті медициналық препаратқа жауаптылар бағаны негізсіз шарықтатып жібергенін де жасырмады. Дағдарысқа бөлінген Үкімет бюджетін ұялмай жымқырғандардың да айылын тия алмаған қарамағындағыларға шүйлікті.  

Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Пандемия жағдайында, биліктегілерге үміт артқан кезде, жеке ұстанымсыз шенеуніктер құдайдан да қорықпай, өз лауазымдарын жеке бизнесіне айналдырды. Бюджет қаражатын жымқырып, жүйелі түрде пара алды. Мұны елді сатқанмен бірдей деп есептеймін.


Алик Шпекбаев мемлекеттік кірістер комитетін, ІІМ мен ауыл шарушылығы министрлігін де сынға алды. Оның дерегінше өткен жылы 700-ден астам мемлекеттік қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олардың қатарында бес министрліктің лауазымды тұлғалары бар. Сондықтан қылмыскерлерге жазаны қатаңдату қажеттігіне тоқталды.

Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірқатар шетелдік мемлекеттерде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін негізгі немесе қосымша жаза ретінде қоғамдық жұмыстар сәтті қолданылғаны кездейсоқ емес. Психологиялық тұрғыдан алғанда, жазаның бұл түрі тиімдірек. Ал қоғам ондай азаматтарды біліп жүруі керек.

Бұдан бөлек жиында бірнеше жылдан бері дауға айналған "Astana LRT" ісіне қатысты да сөз болды. Департамент өкілдерінің дерегінше полиция әлі күнге екі қылмыскерді таппаған. Астана әкімінің бұрыңғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен жобаның басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу жүргізіліп жатқанын айтты.  

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты тың деректер белгілі болды. Ол бұған дейін қызметін асыра пайдаланғаны үшін тұтқындалған еді. Агенттік өкілі Сергей Перовтың айтуынша, қазір іс сотқа жеткізілген. Бірақ, әзірге күдіктіге қатысты нақты шешім жарияланбапты.


Ғ.Өтемісов