Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентіктер қаңтарда балшыққа батуда

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2021
  • 2585

Шымкентте тұрғындар қыстың күні батпаққа батуда.  Арнамызға Солтүстік саяжай шағын ауданының халқы осылай деп арыз айтты. Жол азабын тартып отырмыз деген жұрт асфальтты армандамайды.  

Коммуналдық мәселесі көп жұрттың тағы қандай шағымы бар? Әріптесім Айзада Төребекқызы баяндасын.

Зейнеп Әбілдаева қалалық болғанмен күніміз ауыл халқынан әрі деп күйінеді. Он жыл бұрын Солтүстік саяжай шағын ауданынан баспана тұрғызған әжей, содан бері жол азабынан құтыла алмай жүргеніне наразы. Жауын-шашынды күні көлікте кіре алмай қалады екен. Бұл аумақтағылар құдайдың қара тасына зармыз дейді. Болмаса үйлері үлкен жолға тиіп –ақ тұр.

Зейнеп ӘБІЛДАЕВА, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Немерелеріміз балшыққа батады. Мектепке барып келгенше жарты белден лай болады. Күнімен соның лайын тазалап келіндеріміз ығыры шықты.

Гүлжамал ТАНТАБАЕВА, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің өзімнің денсаулығым жоқ. Жүрегімде клапан, скорый екі күннің бірінде шақырам, сахарым бар. Скорыйлар келе алмайды. Келмейді. Немесе ана жерден түсіп қалады да бері қарай жаяу келеді.


Көктем мен күз келсе болды, солтүстік саяжайлықтардың көрген күні осы. Қаңтардың күні жылығанмен жердің тоңы жібіп, жүру мүмкін болмай қалады.  Жергілікті атқамінерлерден қарапайым шағал тас төсеп беруді сұрап жүргелі он жылға таяпты. Балшыққа батқан жұрт әсіресе мектепке баратын балалары қиналып жүргенін айтады. Батпақтан қорғаныштары әзірге полиэтилен қалташалары. Оның өзі орта жолда жыртылып жатады десті шуласқан халық.
 
Назира ХАСАНОВА, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үш бала-шағам мектепке барады. Аяқ киімдері лай болып, балшыққа түсіп, мұғалімдер сөйлейді, «күніге дейді балшық боп келмесін , мектепке кіргізбейміз»,- дейді. Ол да проблема. Күнде жуа беріп аяқ киім де шақ келмейді. Аяқ киімнің өзі де 10 мың теңгеден. 5 мың теңгеге аяқ киім ала алмаймыз.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл көшенің тұрғындары өз күштерімен ақша шығарып, мына жолға тас төсепте алған екен. Бірақ қазір көріп тұрғанымдай балшыққа айналып жатыр. Айтуларынша, су жүйесін жүргізгендер амалдап отырған жолын қазғанымен қалпына келтірмей кетіпті.  

Бірақ келген су жоқ. Шағын ауданда газ бен жарық та өзекті. Тұрғындар жекеменшіктен өз күштерімен тартып алыпты. Бірақ жолдың мәселесін шеше алар емес. Айнала батпаққа айналған соң әкімдік есебінен тегін су жеткізетін көлік те қатынамай қойыпты.

Ақмоншақ ПІРӘЛІ, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге су керек. Мына лайдан келмейді, водовозда келмей жатыр. Ешкім келгісі келмейді. Батып қалады.

Жергілікті атқамінерлер бұл аумақтың мәселесінен хабардармыз деді. Білулерінше солтүстік саяжайлықтардың үштен бірі ғана қоныстанған. Коммуналдық мәселелері күн тәртібінде тұрғанын көлденең тартты.  

Нұрлан ТІЛЕШ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бұл мәселені хабардар, бақылауында ұстап отыр. Мердігер мекеме анықталады. Менің өзімнің ойымша сол мамыр айынан бастап құдай қаласа қолға алынады деп ойлап отырмыз. -Нақты қанша көшеге тас төселеді? 14 көшеге, 9,5 шақырымға Солтүстік саяжайдың өзіне төселеді.

Атқамінердің айтуынша жалпы Абай ауданы бойынша биыл 97 көшеге тас төселеді екен. Бұл 44,5 шақырым оған 173 млн теңге қаржы қаралып отыр. Солтүстік саяжайдың жарық пен ауыз суы да жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді.

А. Төребекқызы