Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлауға атсалысқан аймақ белсенділері Елбасының алғыс хатымен марапатталды

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2021
  • 5584

Елбасының ерекше ықыласы. Сайлау науқаны кезінде жер-жерде «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуі үшін еңбек еткен белсенділер, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Алғысқа бөленгендер арасында партия ардагерлерінен бастап ұстаздар, кәсіпорын қызметкерлері және жасотандықтар бар. Сайлауға бір кісідей ат салысқан белсенділер, еңбегінің еленгеніне дән риза.

Сайлау науқаны кезінде «Nur Otan»-ның өңірлердегі қоғамдық қабылдауына 95 мың өтініш түскен. Кандидаттар 48 мыңнан астам адамды қабылдапты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Facebook-тегі парақшасында осындай ақпаратпен бөлісті. Әсіресе жастардың үлесі басым екеніне тоқталды. Жасотандықтар "Есіктен есікке" акциясы аясында, 1,4 млн үй мен пәтерді аралап, 6,2 млн. үгіт материалын таратқан.   

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев өткен сайлау барысында «Nur Otan»-ның үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқаны үшін 18 мыңнан астам қатардағы белсенді мен партия жақтастарына алғыс хаттар жолдады. Олардың 70% астамы – аудандар мен шағын қалалардың тұрғындары. Марапатталатындардың 36% – әйелдер, 27% – 35 жасқа дейінгі жастар. Елбасы атап өткендей, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында қол жеткізген бұл айқын жеңіс халықтың елдің тұрақты даму бағдарын жақтайтынын көрсетіп отыр.

"Алғыс хат" Жамбыл облысындағы мың үш жүзден астам белсендіге де бұйырды. Оларды марапаттау рәсімі облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында бір уақытта ұйымдастырылған.  

Роза САТОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІСІ:

Мен енді мынау алып жатқан алғыс хатқа өте қуаныштымын. Соны естіген бір қызым бар еді. Жетім қызым. Жүрегі жарылып кете жаздады. «Мама не деген марапат, керемет сөзім жетпейді анатайым»- деп мені құшақтап. Сөйтіп екеуміз  қатты қуандық. 30 жылдың ішінде бірінші рет Нұрсұлтан Әбішұлының марапатын алып отырмын. Мыңда бір рахмет.

Сәуле БАЙМҰРАТОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІСІ:

Елбасымен бір командада болу мен үшін өте маңызды.Және үлкен құрмет деп есептеймін.

Елбасының атынан солтүстік қазақстандық жастардан бөлек, павлодарлық партия белсенділерінеде алғыс хаттар табысталды. Олардың ішінде әр салада қызмет етіп жүрген жас та, жасамысы да бар. Тобыл өңірінде де мыңға жуық адам марапатталды. Оның екі жүзі «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері.

Партия Төрағасының алғыс хаты ақтөбеліктерге де жетті. Мәртөк ауданындағы белсенділердің еңбегі еленді. Олар партияның сайлауалды бағдарламасындағы 7 бағытты қолдаған. Ең негізгісі жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу деді.

Мұхит ХАСЕН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІСІ:

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан алғаш рет жетістік алып отырмын. Осы бүгінгі көзге көрінерлік тамаша үлкен жетістік үшін үлкен рахмет айтамын.


Батыс Қазақстанда саяси белсенділігімен танылған аудандардың бірі – Бәйтерек. Сайлау қарсаңында осы ауданның халқынан екі жүзден астам аманат түскен. Ауқымды іске ат салысқандардың еңбегі ұмытылған жоқ.  Солардың бірі 18 жылдан бері Nur Otan партиясына мүше, еңбек ардагері Қадырбай ақсақал да бар. Ол Елбасының алғыс хатына ие болды. Қария депутаттардың жаңа құрамынан үлкен үміт күтетінін айтады.

Қадырбай АБДУШЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІСІ:

Елбасы осы «Нұр Отанның» басшысы осы бізге енді былай қарағанда біз бір ауылдағы қартпыз ғой. Соны ескеріп.Осындай еңбегімізді ескеріп жұрт алдында осылай марапаттап жатқанына көп –көп рахмет айтамын.

Елбасының алғыс хаты Түркістан облысының тұрғындарына да табысталды. Сайлауға айрықша атсалысқан Сайрам ауданының белсенділерінің арасында ақсақалдардан бөлек, жастар, ұстаздар және өндіріс ошақтарының өкілдері бар.

Ал Сыр өңірінде сайлау науқаны кезінде Сырдария аудандық филиалы жанынан арнайы 2 штаб құрылып, елуден аса сенімді өкіл жұмыс істеген. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын елге кеңінен насихаттады. Нәтижесінде аудан тұрғындарының 80 пайызға жуығы «Nur Otan» партиясына дауыс берген. Осындай жүйелі жұмыстың бел ортасында жүрген белсенділерге Елбасының алғыс хаты бұйырды.

З. Санай