Русский Сайттың толық нұсқасы

Тәуелсіздік жылдарында ондаған мың ақтөбелік баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2021
  • 1956

Көш жүрер, керуен түзелер. Тәуелсіздік алғалы Ақтөбе облысында 2 ірі аудан салынды. Мыңдаған тұрғындар баспанамен қамтылып, жағдайы тұрақталды. Жыл сайын жаңа нысан құрылысы аяқталып, әлеуметтік нысандар қатары артып келеді. Ақтөбелік атқамінерлер осылай дейді. Жергілікті билік келер жылы да халықтың біраз бөлігін баспанамен қамтуға ниетті.

Кеңес Әлімбаев құрылыс саласында жарты ғасырға жуық жұмыс істеп келеді. Кеңес заманында өнеркәсіп нысандарын салған, қазір құрылыс компаниясын басқарады. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл салада қиындық жиі кездескен. Алайда көп ұзамай, қала қайта бой түзеп, жандана бастапты.  2000 жылдан қала көркі арта түсті дейді,-ардагер құрылысшы.

Кеңес ӘЛІМБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Көптеген нысандар бой көтерді. Мектептер, балабақшалар салынды, әрине, содан кейін неке сарайы, бассейндер тағысын тағы. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында. Адамдар үшін қолайлы өмір жағдайын жасау қатты қуантады.


2000 жылдардан бастап Ақтөбе аумағында 30-дан астам жаңа аудан пайда болды. Қаланың айналасы да белсенді түрде гүлдене бастады. Жаңақоныс, Бауырластар, Рауан сияқты аудандар бой көтерді. 2011 жылы қала билігі жаңадан "Нұр- Ақтөбе" және "Батыс" шағын аудандарының құрылысын бастады. Көпқабатты үйлер қазір халық игілігіне айналған. 11 жыл ішінде екі ауданда 200-ден астам көппәтерлі үй салынып, халық саны 100 мыңнан асты. Жаңа аудандардың құрылысы әлі де жалғасуда. Мәселен, биыл тұрғын үй құрылысынан бөлек, әлеуметтік нысандар салу да жоспарда бар.

Аслан ЖАРАСБАЕВ, АҚТӨБЕ қ. ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
 
Нұр-Ақтөбе бірінші шағын ауданында аз қабатты үйлердің құрылысын аяқтайтын боламыз, сондай-ақ, саябақты абаттандырып, осы ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отырмыз.


Жыл соңына дейін қала билігі шамамен 100 мың шаршы метрді пайдалануға беруге ниетті, бұл көптен күткен пәтерге мыңнан астам отбасының қолы жетеді деген сөз.

Ғ.Өтемісов