Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстікке оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар жұмыссыз отырғаны рас па?

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2021
  • 3055

Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар қайтуға бекініп отыр. Себебі, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен бой көтерген жер үйлер аязға шыдас бермей, азынап тұр. Бұқараның айтуынша, үйдің төбесі көгеріп, қабырғалар қақырай бастаған. Сапасыз салынған баспанаға кім жауап береді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин материалында.

Түркістан облысының тумалары Сейітовтар, Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылына былтыр тамызда  қоныс аударған. Отбасы солтүстіктің топырағы мен табиғатына тәнті болып, болашағына зор үміт артқанын айтады. Алайда, күн суытқалы проблемадан көз ашпапты. Әлі қылауы түспеген баспана алғашқы аязда-ақ сыр берген.

Динара СЕЙІТОВА, ЧАПАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аязды күндері үйде киіммен ұйықтадық. Еден сап-салқын, аяқ киімді шешпейміз. Бір бөлмені жылтып, сонда түнеп жүрдік. Шатыр қарға толып тұр. Жылы күндері еріп, төбеден су ағады.  Жұмыс жоқ, балалар ауырып жатыр. Күні-түні пешпен алысамыз. Бұл жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Енді оңтүстікке қайтатын шығармыз.


Сапасыз үйдің салқынын Балнұр Якуда сезінген. Төрт баланы асырап отырған отбасыға қабырғасы қақырайып жатқан баспана бұйырған. Отанасы сан мәрте құрылысшыларға шағымданғанымен, нәтиже шықпаған.  

Балнұр ЯКУДА, ЧАПАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мердігерлер келіп қыста бұл қалыпты жағдай, жазда қабырғалардың дұрысталатынын айтты. Сан рет өзім сылап көрдім. Бәрібір жарылып-жарылып кетеді.


Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылында 12 су жаңа үй былтыр "Еңбек" бағдарламасы аясында бой көтерген. Әрбір баспананың бағасы 7 миллион теңге. Жергілікті билік өкілдері кінәні мердігерлер сілтейді. Айтуларынша, құрылыс барысын олар қадағаламаған.

Қайсар ӘМІРИН, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫС ТҮКШ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жаңадан салынған үйлер 2-3 жылдай орнығады. Құрылыс барысында біз бұл үйлерді тексерген жоқпыз. Себебі мердігерлер бұны өз ақшасына салды. Егер мемлекеттің қаражатына бой көтерсе, біз оның технологиялық талаптарды бақылап отырар едік.


Дегенмен, жергілікті билік мердігерлерді бірқатар олқылыларды жоюға міндеттеп отыр. Құрылысшылар жыртықты жамауға күн жылынған соң кіріспек. Айта кету керек, былтыр күнгейден Қызылжар өңіріне екі мыңға жуық адам көшіп келген.

А. Құрманкин