Русский Сайттың толық нұсқасы

Вакцинаның жасанды түрін саудалаған қытайлықтар құрықталды

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2021
  • 2817

Қытайлықтар коронавирусқа қарсы вакцинаның жасанды түрін саудалап келген. Оны Пекинде, Цзянсу мен Шандун провинцияларына сатуды жоспарлапты. Қылмыстық топтан екпенің 3 мыңдай дозасы тәркіленді.  Сұмдығы сол дәрі деп кәдімгі тұздың ерітіндісін, халыққа жоғары бағамен ұсыныпты. Пандемияға қатысты соңғы деректерді әріптесім Асылбек Данияр айтып берсін.

Тергеу кезінде тегі Кун есімді ер адам бұл істі сыбайластарымен бірге өткен жылдың күзінен бастағынан мойындапты. Тіпті әккілер флакондарды қарапайым физо ерітіндімен толтырып келген. Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі, азаматтарды сақ болуға шақырды. Вакцинаны тек лицензиясы бар орталықтарда  салдыруға кеңес береді. АҚШ-тың инфекционист дәрігері де сапалы екпе қабылдағанда ғана вирустың мутациялануын ауыздықтай аламыз дейді.    

Энтони ФАУЧИ, АҚШ АЛЛЕРГИЯ ЖӘНЕ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ҰЛТТЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 
Сіз вакцинаны қолжетімді болысымен тезірек салдыруыңыз керек. Қаншалықты тез әрекет етсеңіз соғұрлым пайдасын сезесіз. Себебі, осы арқылы вирустың таралуын тоқтатып, штаммының көбеюіне жол бермеуге болады.


Иә, вирусқа тосқауыл болу үшін Қазақстанда да кеше вакцинация басталған еді. Денсаулық сақтау министрлігі жылдың соңына дейін 6 миллион адамға екпе жасатуды жоспарлаған. Оның 100 мыңына 21 ақпанға дейін ресейлік "Спутник В" препараты егіледі. Кеше басталған науқанға қанша адамның қатысқаны белгісіз. Бұл бойынша министрлік тіс жармады. Ал, Астананың денсаулық сақтау басқрамасы 145 медицина қызметкері дәрі қабылдағанын жария етті. Сондай-ақ, Алексей Цойдың айтуынша, QR кодтарын иммундық мәртебесі туралы ақпаратпен толықтыру үшін отандық мобильді қосымшаны іске қосу жоспарлануда.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Е-govMobail, ол ASHYK медициналық қосымшасымен біріктіріледі. Онда медициналық ақпараттық жүйелерден азаматтар туралы, соның ішінде QR коды арқылы тексеруге жіберу үшін коронавирусқа қарсы вакцинацияның өтуі туралы мәліметтер жинақталады.


Ал, әлемде осы уақыт аралығында 100 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинадан өткен.  Алайда, әлі де екпе жасатуға асықпайтын елдер де жоқ емес.

Эпидемиологиялық жағдайға келсек, Қазақстанда індет жұқтырғандар саны алдағы күндері азайса "жасыл" аймаққа оралуы мүмкін. Өткен тәулікте COVID-19, 1200-дей адамнан анықталған. Осылайша республика бойынша науқастар саны 189 мыңнан асты. Кеселден тіркелген өлім дерегі: 2559.

А. Данияр