Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте бастауыш сыныптың мұғалімдері мен оқушылары жеке мектепте оқуға қарсы

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2021
  • 3254

Шымкентте білім саласында тағы да шу шықты. Бұл жолы ата-аналар наразы.  Арнамызға арыз айтқандардың сөзінше, бастауыш сыныптың оқушыларын мұғалімдерімен қоса жекеменшік мектепке ауысуға мәжбүрлеп жатыр. Ал білім басқармасындағылар үш ауысымды мектеп мәселесін шешіп, білім сапасын арттырудың қамы деп отыр. Тараптарды тыңдаған әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Шуласқан бұл топ Шымкенттегі № 29 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің ата-аналары. Айтуларынша, бүгін таңертең бастауышта оқитын балаларын мектепке кіргізбей қойыпты. Ашулы жұрт бұл көршілес жекеменшік мектепке бала толтырудың амалы ма деп санайды. Оның үстіне тек бастауыштағыларды ауыстыруы да күмән тудырып отыр.   

Гүлдана ТАНКЕБАЕВА, АТА-АНА:

Неге бұлар 10-11-ді алмайды, потому что 10-11 бір жыл екі жылда бітіріп кетеді. Бұлар қазір бізге айтып отыр, сіздер тегін оқисыздар деп. Бірақ жарты жыл тегін оқиды екенбізде, жарты жылдан кейін ай сайын 15 мың 20 мыңнан төлеп отырады екенбіз. Оны қалтасы көтеретін ата-ана бар, қалтасы көтермейтін ата-ана бар.

Ата-аналар бұл мәселе оқу жылының басынан бері көтеріліп келе жатқанын айтады. Бірақ бір апта бұрын ғана мектеп ауыстыру ауыстырмау өз еріктеріңізде деген екен. Алайда білім басшылары уәдесінде тұрмады, дейді.

Марина ДМИТРИЕНКО, АТА-АНА:

Біздің балаларымызды басқа мектепке лақтырып жатыр. Бұлай етуге болмайды ғой. Бүгін білдік, біздің баларымыз уже басқа мектептің тізімінде тұр. Ол мектепте балаларға жағдай да жоқ. Сынып бөлмелері тым тар, 8 шаршы метр ғана. Ғимараттың жанында жатақхана бар. Автотұрақ бар. Кім көрінген жүретін орын. Балаларымыз үшін қорқамыз.

Ұстаздың сөзінше бастауышқа сабақ беретіндерден үшінші тоқсан басталғалы маза қашыпты. Мұғалімдер де өздерін мәжбүрлеп жатқанын жайып салды. Шуласқан топтың білуінше мұның бәрі үш ауысымды мектепте бала санын азайтудың амалы ұқсайды. 800 орындық мектепте бүгінде екі мыңнан аса бала оқиды. Десе де наразы топ мұнда әлдекімдердің мүддесі тұр ма деген ойларын жасырмады.
 
Артықгүл ОРАЗБЕКОВҚЫЗЫ, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:

Барлығымызды «Таным» етіп, жекеменшік мектептің атына ауыстырған. Сол мектепке кетесіңдер. Бүкіл бастауыш сол жаққа кетесіңдер деуде бізге. Біз осыған түбегейлі қарсымыз. Себебі біз мемлекеттік мектепке сиысып келе жатырмыз. Сиысамыз да. Және үш ауысымды болмауы керек деп жатыр. Оған біз келісеміз. Біздің жанайқайымыз бізге арендаға алып берсін мектепті.

Алайда білім басқармасының басшысы жекеменшік мектеп ауысуға ешкімді мәжбүрлеу болып жатқан жоғын алға тартты. Тіпті білім ақылы беріледі деген әңгімені де жоққа шығарды.

Жанат ТӘЖИЕВА, ШЫМКЕНТ қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ашылып отырған мектептің мақсаты мектепті тегін, ешқандай ата-аналардан бір тиын ақы алмай стандарттық білім беруге және ұстаздарға 100 пайыз айлық жалақысын төлей отырып оқытуға келісімін беріп отыр. Бұл жекеменшік болғандықтан бұлардың мақсаты – баланы барынша аз сыныптарда балаларын толымдылығын алып, сапалы білім беруді мақсат тұтып отыр.  

Білім бөлімінің басшысы мұның бәрі үш ауысымды мектеп мәселесін шешудің амалы екенін уәж қылды. Ал № 29 мектепте алдағы жаңа оқу жылында бала қабылдауға шектеу қойылады деп қосты.  

А. Төребекқызы