Шымкентте жолаушылар тасымалымен айналысатын ең ірі компанияда таңмен таласа шу шықты. Автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды. Олар жалақыны өсіріп, жағдайларын жасауды талап етті. Айтуларынша алатын 100 мың теңге күнкөріске жетпейді. Шуласқан жұрттың базынасын әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.
Таң атпай шуласқан бұл топ «Shymkent BUS» компаниясының жұмыскерлері. Мегаполистің 14 бағыты бойынша қызмет көрсетіп жүргендер құрғақ уәдеден шаршағандарын алға тартуда. Сөзден іске көшуді талап қылған топ бірінші кезекте жалақыны өсірсін деді. Таңғы төрттен жолға шығамыз дегендер айлықтарының 300 мың теңге болғанын қалайды.
Серік НАЗЫМБЕКОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Сағатына 860 теңгеден төлейміз деген, енді есептеңіз. Бізге қазір 10-ақ сағатқа айлық төлеп жатыр.10-ақ сағат. Ар жағында бес сағатымыз қайда біздің?..жоқ ол. Ол есепке кірмейді. Ең жалақы көп алғаным – 110 мың ақша алдым. Одан артық ақша алған жоқпын. Бәрі біздің мойнымызда, +Мойкаға 1300 оған төлейміз, 700 теңге заправкасына береміз.
Ғабит АҚШАЛОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІІ:
20:40-қа дейін жүреміз. Одан кейін біздің мойкамыз бар. Паркте мойка істемей жатыр, жуып келіңдер дейді. Біз платный мойкаға барамыз, болмаса кондукторларға айтамыз, шелекпен су әкеп жу дейміз. Негізі көшеде жууыға мүлдем не положено бізге. Бес минут ерте шығып кетсең бізге штраф, сөгіс. Жұмыстан кетесің дейді. Екі күн жұмыс істейміз, екі күн демаламыз.
Үй бетін көрмей жүргенмен бейнетіміз ақталмайды дейді шуласқандар. Автобус жүргізушілері билет кесушілердің еңбекақысын да өз қалталарынан төлейтіндерін айтады. Айтуларынша, қоғамдық көліктердің бағыты өзгергелі де түсімді азайған. Электронды төлем жүйесі тіпті өзін-өзі ақтамайды деді.
Балжан ТҮКТІБАЕВА, № 158 АВТОБУСТЫҢ КОНДУКТОРЫ:
Валидация ұрған кезде мысалы карточканы істемей қалса аппарат дейді тегін түсе берсін халық дейді. Қанша адам тегін түсіп кетеді. Біз солармен қырылысып алысып жүреміз. Кешке келеміз, мыналар план дейді. Тауып бер планды дейді. Қайдан тауып береміз біз, ұрмаса карточка мысалы да. -Валидатор көп істемей қала ма? -көп істемей қалады. Анда санда сөйтіп істемей қалады. Аппараты да істемей қалады.
Компания директоры болса, мұның бәрін жоққа шығарды. Олардың өз уәжі бар. Бұл жерде ұтылып жатқан ешкім жоқ деп отыр.
Азат ҚАЙЫПБЕКОВ, «SHYMKENT BUS» БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Жалақыны біз тек бұл кісілер 100 пайыз әділ жұмыс істегенде ғана көтере аламыз. Дәл қазір бұлардың әділдігіне күмәнім бар. Біз бәрін тексеріп отырмыз. Бұлар билетті де толық таратпайды. 5-6 адам ғана мінуі мүмкін емес қой бір күнде. Мәселен мен № 96 бағытқа кондукутор есебінде шығып көрдім. Олардың жоспары 15-16 мың теңге. Шын мәнінде кешке дейін 37 мың теңге жиналды. Ақшаның көп бөлігі жүргізушінің қалтасында қалады.
Шуласқан топтың мәселесіне қала әкімі араласты. Ол наразы топпен жүздесті. Мұрат Әйтенов тараптарды тыңдап, бір шешім қабылдайтынын айтып, жиналғандарды сабырға шақырды.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Егерде келісімге келмесе мен 100 автобусты алып басқа компанияларға тарқатып тастай салам. Сол үшін кешке кездесейік. Сөйлесейік, әңгімелесейік. Қала тұрғындары кінәлі емес. Сағат 22- де келем, осы жерде тұрамызда бәріміз жиналып сөйлесеміз. Бәрін алып келем...-Неғыламыз жігіттер, шығамыз ба? –шығайық.
Шаһар басшысының уәдесінен соң ғана автобустар бағытқа шыға бастады. Аталған компанияның 250 автобусы күнделікті жолаушы тасымалдайды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Материал эфирге әзірленіп жатқанда, жүргізушілердің жалақысы 200 мың, ал кондукторларға 100 мың теңге төленетін болыпты. Бұған қоғамдық көлік қызметіндегілердің 90 пайызы келісіп отырғаны жазбаша хабарланды. Алайда бұл жалақы көпшілігін қанағаттандырып отырмаған секілді.
А. Төребекқызы