Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорданың сол жағалауындағы үйлер сыр беріп жатыр

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2021
  • 3242

Қызылорданың сол жағалауынан бой көтеріп жатқан үйлерде сапа жоқ. Екі жыл бұрын қоныстанғандар, баспаналарының көгіріп жатқанына шағым айтты. Ал, терезеден соққан азынақ желді тоқтата алар емес. Еденде шіри бастаған. 16 жылға несиеге алған жұрт, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Қырық пәтерлік бұл үйлер ел игілігіне екі жыл бұрын берілген. Көпшілік ипотекалық несиемен алыпты.  Бүгінде терезеден жел у-леп, едендері ойылып, қабырғалары көгеріп кеткен. Тұрғындардың айтуынша, әр үйге қойылған газ пештерінен аққан су қабырғаны бойлай ішке кетіп жатыр.
 
Толқын БАЙМАХАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Дуалды оборот қылып суымыз, дуылдың ішіне тарап, дуал мүжіліп құлау алдында тұр. Түніміз қорқынышпен өтеді. Әр түнде кезек-кезек қараумен өткіземіз. Полдарымыз түсіп бір жылдан кейін бастап. Қанша тұрғын бар. Қанша миллионға үй алдық деп қуандық.
 
Сәуір айында мердігер мекеменің құрылыс сапасына берген кепілдік мерзім аяқталады. Көшіп келгеннен кейін бір жыл болмай қордаланған мәселеден көз ашпаған тұрғындар олардың да табалдығын тоздырыпты. Бірақ алғашында мардымды жауап бермеген құрылыс компаниясы, соңында «банкрот жариялапты» деп ашынып отыр. Енді несиені әупірімдеп төлеп отырған халық, үйдің кем-кетегін өздері жамауға мәжбүр.
 
Құралай ӘБДІРАМАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пандемияға қарсы бәріміз жұмыссыз отырмыз. Соған қарамастан ай сайын 63 мың ипотекаға төлеп отырмыз. Оған қоса, төбедегі аққан судан, конденсаттан пешіміздің іші қайта-қайта күйіп кетіп жатыр. Оны 90 мың теңгеге ауыстырып отырмын.

Әліптің артын бақсақ, бұл көпқабатты үй жергілікті әкімдіктің балансында жоқ. Баспана жеке құрылыс компаниясының қаражатына салынған. Сондықтан жыртықты жамау тұрғындардың міндеті деп қосты. Ал, газ пештерінен туындағын мәселені шешіп беруге уәде етіп отыр.  

Біржан ДАЛАБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«КазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірісі филиалы мамандарымен зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Әрі қарай, газден бөлінген конденсаттарды газ пештеріне зиян келтірмейтіндей қылып шығарып тастау, яғни сливной арқылы шығарып тастау бағытында зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.


Жақында болған Үкімет отырысында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова үй кезегінде тұрған 30 мың 270 адамның тек 600-інің ғана үй алуға мүмкіндігі бар екендігін айтқан болатын. Алайда, қолы жетіп алғандарының да жағдайы мәз емес.  

М. Тоқтасынқызы