Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО Үржар ауданының дәрігерлері жол апатынан қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2021
  • 3138

Шығыс Қазақстан облысында жедел-жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, екі дәрігер көз жұмды. Ал көлік жүргізушісі дене жарақатымен Семей қаласының ауруханасына жеткізілген. Жол көлік апаты кеше ақшам уақытында болған. Тас жолдағы бұрқасын мен көктайғақтан артында тіркемесі бар, «ДАФ» маркалы жүк көлігін  басқарған 29 жастағы ер адам рөлге ие бола алмай қарсы беткен шыққан. Осы сәтте дәрігерлердің қызметтік көлігіне соғылыпты.

Андрей ЛАРИОНОВ, ШҚО ПД ЖПҚБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жүк көлігінің жүргізушісі қолайсыз ауа-райы, көктайғақ салдарынан рульға ие бола алмай жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Артынша жедел-жәрдем көлігімен соқтығысты. Қазір оқиға орнында полиция департаментінің тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қайтыс болғандардың бірі хирург Бейбіт Ғабдуллин. Ол Үржар аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі. Ал екіншісі анестезиолог - Болат Әзілханов. Екеуі Үржарда әйел адамға операция жасап, шұғыл түрде Семей қаласына ауруханаға жеткізген. Кері қайтқанда жол көлік апатына ұшырапты. Хирургтың артында үш баласы, ал анестезиолог дәрігердің екі баласы қалды. Ал медициналық көлік жүргізушісі ауыр хәлде облыстық ауруханада жатыр. Аудандық аурухананың бас дәрігері Баубек Әбілқасымов қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, жол-көлік оқиғасында қайтыс болған медицина мамандарының отбасына көңіл айтып.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл трагедия дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашан да адал атқарады. Өкінішке қарай, науқас өмірін құтқаруға шыққан шұғыл қызмет бригадасының дәрігері мен фельдшері көз жұмды. Қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отыр.

Ә. Өмірзақ