Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтарды алыс жолға шықпауға шақырады

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2021
  • 1991

Ел аумағында ауа райы бұзылып, 8 өңірде дауылды ескерту жарияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі алыс жолға шықпауға шақырады. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар бірнеше тас жол да жабылды. Бірақ бұның салдарынан діттеген жеріне жете алмай отырған жолаушылар көбейді. Шетелден тауар әкеліп, тапсырыс берушіге жеткізе алмай шығынға бататын болдым деген жүк көлігінің жүргізушілері де бар. Толығырақ, Әлішер Өмірзақтың материалында.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін республикалық маңыздағы 14 жол учаскесі жабық. Соның бірі Қарағанды трассасы. Демалыс күндері қалаға шаруасымен шығып, енді жақын маңдағы ауылына жете алмай тұрған және шетелден тауар әкеліп, тапсырыс берушіге дер кезінде жеткізе алмай қаламын ба деген жүк көлігінің жүргізушілері де бар.

Жаһангер ЕСКЕНДІРОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЖАЛТЫРКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жол жыбылды боран деп. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері жібрмей тұр, болмайды деп. Мына жердегі Жалтыркөл ауылында тұрамыз. Сол ауылда тұратынымызды дәлелдейтін анықтамамыз бар, карантин кезінде алғанбыз. Енді бала-шағамызбен кете алмай тұрмыз.

Виталий, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
 
Таңғы 8-ден бері тұрмыз. Челябинскіден келе жатырмын. Екінші рет тоқтауға мәжбүр болдым. Төтенше жағдайлар министрлігі өткіземіз дейді, бірақ әлі тұрмыз. Алып келе жатқан тауарым бір-екі күнде бұзылып кететін зат емес, бірақ тапсырыс берушіге дәл уақытында жеткізбесем айыппұл төлеймін.

Барлық жабық жол учаскелерінде төтенше жағдай мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалап отыр. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Қарағандыда 140, ал Нұр-сұлтанда 30-ға жуық көлік жолда қалды.

Талғат УӘЛИ, ҚР ТЖМ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Жолда қалған адамдарды эвакуациялау жұмыстары, тоқталатын орын мен ыстық тамақты ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ әзірге көмек сұрап келген ешкім жоқ. Жол қызметкерлері жолды тәулік бойы тазалап жатыр. 300 адам мен 50 техника жұмылдырылған.


Төтенше жағдайлар министрлігі оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында 112-ден келген хабарламаны ескерусіз қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ жағдай тұрақталғанша алыс жолға темір тұлпармен шықпауды ұсынып отыр. Ал аса қажеттілік болып, жолда қалып кетсеңіз құтқару қызметі, яғни 112-ге хабарласып, көмек сұрауға болады. Адасып кетскен болсаңыз телефоныңыздағы «геолокация» қызметін өшірмеңіз, дейді.

Ә. Өмірзақ