Түркістан облысына қарасты Арыстанды ауылы тұрғындары, су іздеп 10 шақырымға дейін сандалып жүр. Ордабасы ауданындағы елдімекенге үш жыл бұрын ұңғыма қазылған. Бірақ су әлі жоқ. Тұрғындар біткен істің қайырын көре алмай келеміз дейді. Айтуларынша, мердігердің жауапсыздығынан тіршілік нәрі сол күйі берілмеген.
Арыстанды ауылының қарт тұрғыны Халима Махашева ауласындағы баспа құдықтың барына шүкіршілік етеді. Дәмі ащы болса да жер асты суын тұтынуға мәжбүрмін, дейді. Өйткені өзгелер секілді он шақырым жердегі Төрткүл ауылынан су тасуға мүмкіндігі жоқ.
Халипа МАХАШЕВА, АРЫСТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ішіп отырған суымыз ащы. Мал да ішеді, біз де ішеміз. Су келеді деп қуанған едік, ұзаққа созылмады, әлі суымыз шыққан жоқ. Судың ащылығынан бүйрегіміз бәрі ауырып жатыр.
Ауыл азаматтарының айтуынша, елдімекенге таза ауыз кіргізу жұмысы үш жыл бұрын басталыпты. Ұңғыма қазылып, мұнара орнатылған. Бірақ сапасыз дүние сыр беріп, көп ұзамай құлап қалған. Дәлел ретінде суретке түсіріп алған тұрғындар, тартылған құбырлардың қараусыз қалғанын жеткізді.
Нұрбол ТӨЛЕГЕНОВ, АРЫСТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тесіктерінің бәрі ашық күйінде қалды. Ол сұраусыз қалды, ешқандай нәтиже жоқ. Сапасыз салынған. Бұл арыстанды желімізді білесіздер, мына башнямыз құлады желден. Қайта құдай сақтап қалып ар жақта үйлер бар, кейіннен қайтып істеп кетті. Мынадан қорқасың, қасынан балалар жүреді. Әйтеуір құлап кетсе бәрі де қиын ғой ол.
Халық базынасын айтып бармаған жеріміз жоқ десті. Былтыр әкім қаралар су береміз уәде беріп кеткен екен. Алайда оның сөз күйінде қалып келе жатқанына өкпелі. Тұрғындар мәселені ауыл аудан әкімінің алдында да талай көтергендерін айтады. Білулерінше көптен күткен ұңғымадан шыққан судың сапасы да мәз емес көрінеді.
Әлібек БЕКБАЕВ, АРЫСТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Облысқада шығып жатырмыз. Олардың берген жауабы осы жақында келді, жауабы: «ақша жоқ!». Оған бөлінген ақшаның бәрін осы фирма жеп, сотталып жатыр деді. Суы ащы су шығып жатыр, ащы су. Есігіміздің алдында құдықтада тұр ондай су су ащы. Мұны қайтадан қазып тереңдеу қып бізге тұщы су шығарып берсін.
Жергілікті шенділер тіршілік нәрін беру жұмыстары ауа-райына байланысты кешеуілдегенін уәж қылды. Жауапты өкіл жауапсыз мердігерге жұмысты кешіктіргені үшін айыппұл салынғанын, көп өтпей жұмысты толығымен аяқтағанын алға тартты. Бірақ 80 млн теңге жұмсалған жобаның нәтижесі жоқ.
Ерсейіт БҰХАРБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қыс мезгілі болуына байланысты, жердің тоңдығына байланысты қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Ауа-райы қолайлы болған жағдайда толық 113 үйге толық кіргізеді. Наурыз айында толығымен бітіреміз деген жоспар бар.
Алайда құрғақ сөзге сенуден қалған Арыстанды ауылының тұрғындары бұл уәденің де орындаларына күмәнді. Сол себепті әкімдік оған дейін арнайы көлікпен аптасына екі рет тегін су жеткізіп берсін деген талаппен тарасты.
А. Төребекқызы