Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда кәмілет жасына толмағандандарға зорлық көрсеткен 173 сотталушы жазасын өтеп жатыр

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2021
  • 2477

Жамбыл облысында кәмілет жасына толмағандандарға зорлық көрсеткен 173 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Бірақ олардың тек біреуі ғана, сот сараптамасымен педофил деп танылған. Енді оған кастрация жасалынбақ. Айта кетейік, бұл мақсатқа республика қазынасынан, 1 млн 400 мың теңге шамасында ақша бөлінген. Дәрігерлер бұл қаражат 13 педофилді емдеуге жеткілікті деп отыр.

Өңірде жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсеткендер аз емес. Соған қарамастан облыста алғаш рет сотталушыға "педофил" диагнозы қойылды. Сот жуырда ғана оған химиялық кастрация түріндегі медициналық мәжбүрлеп емдеуді тағайындапты. Қазір сотталушыны, мамандар медициналық тексерістен өткізуде. Енді оған салынатын препараттың түрі белгіленбек. Сотталушының денсаулығы қаншалықты бұл емді қабылдайтыны да зерделенуде деді салаға жауаптылар.

Ерлан ӘБДІБАЙ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚАЖ ДЕПАРТАМЕНТІ СОТТАЛҒАНДАРДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТОБЫНЫҢ БАС МАМАН-ДӘРІГЕРІ:


Осындай химиялық кастрация тағайындалған бір сотталған. Алдағы уақытта Жамбыл облысы бойынша облысымызда бірінші химиялық кастрация осы сотталғанға қатысты жүргізілуі мүмкін. Қазіргі таңда ол зерттеу жұмыстарында.

Мамандар бұл педофилге шамамен 107 мың теңге жұмсамақ. Елімізде биыл педофилдерді кастрациялауға республика бюджетінен 10 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл 95 адамға арналып отыр. Былтыр да Жамбыл облысына химиялық емдеудің бұл түрі үшін республикадан ақша бөлінген. Ал биыл одан көбірек.
 
Айтымбет БАЙЫМБЕТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ  ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ағымдығы жылы 1 млн 393 мың теңге қаражат бөлінген, бұл 13 адамға бөлінген. Адам басына шаққанда 107 мыңнан айналып тұр. Өткен жылы 802 мың теңге қаражат бөлінген болатын. Бірақ біз ол қаражатты түгелімен қайттан республикалық бюджетке қайтардық. Себебі соттың шешімі шықпады өткен жылы.   


Жалпы Жамбылда жасөспірімдерді зорлау дерегімен 173 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Бірақ оларды дәрігерлер педофил деп айта алмаймыз деді. Өйткені сот сараптамасы бұл дерттің белгілерін анықтамаған. Дегенмен қылмыстың ауыр түріне жол бергендер мамандардың жіті бақылауына алынған.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
 
Түрмеден шығуына 6 ай қалғанда психикалық жағдайы қайта тексерілмек. Егерде жасөспірімдерге жыныстық құмарлығы сараптамада анықталған болса, медициналық мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалады. Ал егер сотталушы бұған келіспеген жағдайда, тағы бір жылын темір тордың арғы жағында өткізеді.


Б. Жұмабай