Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда апатты үйде тұрып жатқан отбасы өз қауіпсіздігіне алаңдап отыр

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2021
  • 1785

Қызылжарда апатты үйде тұрып жатқан отбасы, қауіпсіздік үшін алаңдайды. Шатқаяқтап тұрған баспана кез-келген уақытта опырылып түсуі мүмкін дейді олар. Мүгедек бала асырап отырған жалғызбасты ана- Оксана Кропочева қазір пәтер кезегінде тұр. Бірақ кезек жылжыр емес, дейді. Қалалық әкімдік бейнет кешкен отбасыға қол ұшын тигізе ме? Аймақтағы тілшіміз, сауалға жауап іздеді.  

Жарты ғасыр бұрын бой көтерген тұрғын үй бүгінде әбден қаусап қалған. Шаңырақтың ортасына түсуіне мына ағаш тіреуіш қана жол бермей тұр. Қабырғалары мүжілген. Баспана екі жыл бұрын ресми түрде апаттық деп танылған екен. Үй иесі Оксана Кропочева тағдырдың шыр айналдырғанын айтады. Оның бес жастағы баласына дәрігерлер аутизм диагнозын қойған. Үш баланың асыраушысы, жөндеу жұмыстарына жинаған барлық қаражат, науқас баласының еміне кетті , дейді.

Оксана КРОПАЧЁВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің қасымен поез өткенде үйіміз дірілдейді. Бірдеңе тарс ете қалғанда, жаным шығады. Жұмысқа кеткенде төбе балаларымның басына құламаса екен деп тілеймін. Мен жаңа птер сұрап тұрған жоқпын. Жағдайымызды дұрыстап алғанша дейін уақытша пана беруді қалаймын.


Жуырда жалғызбасты ана коронавирусқа шалдығып, жұмысынан айырылып қалған. Қазір отбасы мүгедек балаға төленетін мемлекеттік ақының арқасында күн көріп отыр. Бірақ азғантай қаражат пәтер жалдауға жетпейтінін айтады. Жергілікті атқамінерлерден қайыр болмай тұр. Олар жалдық-коммуналдық үйлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ғана берілетінін жеткізді. Апаттық үй иелері бұл санатқа жатпайтын көрінеді.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Қазір бұл отбасына құрылыс материалдарымен көмек көрсету мәселесін қарастырып жатырмыз. Мүмкін үйлері сүрілетін болса, берерміз. Бәлкім көктемде бұл мәселенің қисыны табылар.

Оксана Кропачева апатты үй тұрғындарының тізімінде 173 орында тұр. Алайда, кезектің жылжымайтынына наразы. Сондықтан жалғызбасты ана, үш баласының келешегіне алайдайды. Енді ол жомарт жандардың қайырымды әрекетіне үміт артып отыр.

А. Құрманкин