Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміз егемендік алғалы БҚО-дағы кәсіпорындар еселеп өсті

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2021
  • 1942

Еліміз егемендік алғалы бері, Батыс Қазақстан облысындағы шағын және орта бизнестің саны еселеп өсті. Олардың көпшілігі мемлекеттің қолдауымен ашылды. Игі бастамалар арқылы мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, өндіріс көлемі де қарқынмен артуда. Ақжайық атырабындағы іргелі істер туралы тілшіміз  жалғастырады.

Ерген Батырғалиев жиһаз цехында он екі жылдан бері жұмыс істейді. Басында жүк тасушы болып, жұмысқа орналасыпты. Ісіне алғыр жігіттің еңбекқорлығы мен жауапкершілігі елеусіз қалмады. Қазір ол - цех жетекшісі.

Ерген БАТЫРҒАЛИЕВ, ЖИҺАЗ ҚҰРАСТЫРУШЫ КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Маған өз жұмысым өте ұнайды. Әрі мекеме де өндіріс қарқынын жыл санап арттырып келеді. Жаңадан цехтар салынып, өнім көлемі де көбейді. Жаңадан жұмысшылар қабылданып жатыр. Бұл да тұрақтылықтың белгісі.


Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер Михаил Пшеничный өнім сапасына ден қойды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы кәсіпорынның екі жобасы қаржыландырылды. Мемлекет бөлген 1 млрд теңгеге қоса, өз ақшасын да салыпты. Мұны Оралдағы сапарында Елбасы да жоғары бағалады.

Михаил ПШЕНИЧНЫЙ, ЖИҺАЗ ҚҰРАСТЫРУШЫ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:


Елбасыға біздің ісіміз ұнады. Ол біздің кәсіпорын Қазақстандағы жиһаз өнеркәсібінің бастауы екендігіне екпін түсірді. Қазір жиһазды Армения, Қырғызстан, Ресейге де сатамыз. Енді тауарымызды Еуропаға өткізуді көздеп отырмыз. Бірақ ішкі нарықты әлі қамтып үлгірмей жатырмыз. Істеймін деген адамға жұмыс жетеді.


Кәсіпкерлік ұлттық экономиканың қозғаушы күші болуы керек. Өйткені экономикасы шикізаттан гөрі, өндіріс пен өңдеу ісіне баса мән бергенде ғана мемлекеттің тұрақты дамитынын әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. Оралдағы сапарында өндіріс орындарымен танысқан Елбасы тауар сапасын өзі тексеріп, үлгі көрсеткен.

Осы сапарында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет қолдауымен ашылған бірнеше өндірістік нысанды аралаған болатын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ- ЕЛБАСЫ:

 
Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін.


Бүгінде Ақжайық өңірінде 43 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорны жұмыс істейді. Мұнай-газ өндіру, ұн мен ет өнімдерін өңдеу және құрылыс саласының қарқын алуы мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты. Өйткені экономикасы шикізаттан гөрі, өндіріс пен өңдеу ісіне баса мән бергенде ғана мемлекеттің тұрақты дамитыны әлемдік тәжірибеде дәлелдеп берген.   

Мейрам ҚАБДЫҒАЛИЕВ, БҚО КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда өткен жылмен салыстырғанда өндіріс өсімі барлық көрсеткіштер бойынша байқалуда. Сонымен қатар енді пандемия кезеңінен шығып келе жатқандықтан, соған байланысты өсім көтеріле береді деп ойлаймыз.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының дерегінше, өңір экономикасын дамытуға бөлінген қаржы жыл санап артып келеді. Былтырдың өзінде бұл іске 1 миллиард 765 миллион теңге бөлініпті. Сонымен қатар аймақта жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 80 гранттық жобаға қолдау көрсетілген. Олардың үштен бірі - жастардың бастамасы.

Е. Карин