Ал Қызылжарда көпқабатты үй тұрғындарының билік өкілдеріне өкпесі қара қазандай. Осыдан 45 жыл бұрын салынған баспананың шатырындағы бетон жабынды шіріп, қақ бөлінген. Салдарынан пәтерлерге су ағып, дымқыл тартқан қабырғалар мүжіле бастаған. Жұрт шенеуніктердің үйді жөндеуге құлықсыздық танытып отырғанын айтады. Бұқараның қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүргеніне жарты жыл болды. Ал мәселе шешілер емес.
Әуезов көшесінің бойында орналасқан мына көпқабатты баспанада 100-ден астам адам тұрады. Оның бестен бірі төбеден аққан судан зардап шегіп отыр. Қақ бөлінген бетон жабынды жаңбыр жауған кезде шыдас бермей, сарылдап аққан судың астында қаламыз деп налиды
Абзал Құрманкин, тілші:
Тұрғындар жыл сайын бұл жерде бикрост материалын төсеп, бүкіл тесіктерді өз ақшасына жамап жүретін. Алайда, биыл әбден тозығы жеткен бетон жабынды қарға шыдас бермей опырылып түскен. Енді мына еңісте әрдайым су жиналады екен. Сәйкесінше ол үйдің төбесі мен қабырғаларына кесірін тигізіп жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің төбесінде кемінде 4 бетон жабынды жарылған. Осының кесірінен енді өзге жабындылар да шатқаяқтап қалды.
Юрий Капитонов, Петропавл қаласының тұрғыны:
10 жылдай бикростты жапсырып жүрдік. Әр отбасыдан 50 мың теңгеден жинайтынбыз. Енді қазір жөндеуге келмейді. Өзіміз істей алмаймыз. Қазір тіпті үйдің сыртындағы кірпіштер құлай бастады.
Бұзылған шатырдан әсіресе бесінші қабаттың тұрғындары қатты жапа шегіп отыр. Тимохиндер отбасы жыл басында пәтеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Енді міне, бар еңбегіміз зая кетті, қаншама қаржы желге ұшты деп қынжылады.
Елена Тимохина, Петропавл қаласының тұрғыны:
Осында тұрып жатқанымызға 8 жыл болды. Жолдасым жыл сайын шатырды жамап жүретін. Ал қазір суды тоқтату мүмкін емес. Енді қабырғалар көгеріп жатыр. Балаларымның денсаулығы үшін алаңдаймын.
Шатырда ақау пайда болған соң тұрғындар төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерін шақыртқан. Терең зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандар көпқабатты үйдің төбесі «апатты жағдайда тұр» деген қорытындыға келді. Алайда, билік өкілдері баспанаы жөндеуге немесе басқа да шаралар қолдануға асығар емес, дейді бұқара.
Анатолий Каинов, Петропавл қаласының тұрғыны:
Біздің шатырымызды түгел жаңарту керек. Оны аймақтарды дамыту бағдарламасы арқылы іске асыруға болады деді. Оған қатысу үшін керек құжаттардың барлығын әкімдікке тапсырдық. Бірақ, жуырда барып білсем, бізді ешбір кезекке қоймаған. Олар сонда қысты күні бетонның басымызға түскенін тосып отыр ма?
Атқамінерлер бесқабатты баспананы «аймақтарды дамыту» бағдарламасына кіргізуге қарсы емес екенін айтты. Алайда, ол үшін тұрғындар алдымен шатырдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу керек екен.
Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы:
Қысқа дейін алдымен сынған бетонды алмастыру қажет. Кейін түгел шатырмен айналысуға болады. Ол үшін тұрғындар өз ақшасына жобалық-сметалық құжат дайындап, оны сараптамадан өткізу керек. Жөндеу жұмысының нақты сомасы белгілі болған соң, әкімдікке келуі тиіс. Алайда, тұрғындар бұл құжатты өздері жасағысы келмейді. Олар барлық жұмысты әкімдік тындыру қажет деп санайды.
Берекені көктен тілеген тұрғындарға әкімдік жобалық-сметалық құжаттаманың ақшасын бөліп төлеуді ұсынып отыр. Бұқара болса, бұған көнгісі жоқ. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Енді бірер айда қар жауып, сақылдаған аяз басталса, төбесі тесік үйде тұратын адамдардың қайтіп күнелтері белгісіз.
А.ҚҰРМАНКИН