Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорлар қорғансыз жандарды, балалар мен науқастарды тонайды – «Nur Otan»

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2021
  • 1623

Ақтөбеде жемқорлар қорғансыз жандарды, балалар мен науқастарды тонайды. Мұндай пікір «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Ақтөбе облысының өзінде соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық деректерімен 168 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 15-і облыстық маңызы бар қызметтерде басшы.  Ал, 110 адам ішкі істер органдарының қызметкері екен.

Иә, өңірдегі сыбайлас жемқорлық індеті ауыздықталар емес. Бұл жағдай, жиынға келгендердің ашуын тудырды. Айтып өтейік нұротандықтардың ең үлкен сынына ұшыраған медицина саласындағы алаяқтық фактілері болды. Сонымен қатар, Кеңестің жұмыс тобы білім беру мекемелерін салу үшін орындарды қисынсыз таңдау бойынша да олқылықтар мен құрылыс барысындағы бассыздықтарға тоқталды.

Талғат НӘРІКБАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Сондай-ақ, қоғам тарапынан - бөлінген қаражаттың жұмсалуы бақыланбаған. 1,4 млрд теңгені кері қайтару туралы өтініш, тиісті уақытында сұралмаған. Осы жағдайды біз жемқорлық фактісі ретінде қараймыз.


Кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев болса, орын алған жайттарға байланысты құқық қорғау органдарының қызметіне көңілі толмайтынын айтты. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық прокуратурасының жұмысына шүйлікті.

Омархан  ӨКСІКБАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

«70-ке жуық қылмыстық іс қозғалып, барлығы жабылды. Прокурор мырза, орынбасары? Жақында ғана Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте прокуратураның ерекше рөлін атап өтті. Ал сіздер ұйықтап жүрсіздер! Сіз тексерушілер болсаңыз да, қадағалау органы бюджет қаражатының қалай пайдаланылатынын да қадағалауы тиіс.

Жиынға қатысушылар Бас прокуратураға ұсыныс жасады. Бөтен мүлікті иемдену және жұмсау фактілері бойынша Ақтөбе облысында бұрын тоқтатылған қылмыстық істерге тексеру жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, жиын барысында төраға, баршаны жемқорлық індетін ауыздықтауда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Омархан  ӨКСІКБАЕВ,  "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалғыз «Nur Otan» өзінің күшіменен ештеңені жеңе алмайды. Nur Otan-ның төңірегінде қоғам, басқа халық түгел шоғырлануы керек. Біз солардың бәрін тартуымыз керек. Nur Otan өзінің белсенділігімен сол халықты өзінің ортасына алып келіп, бірге күресетін, бірге жұмыс істейтін жағдайды жасау керек.


Кеңес қорытындысына сай, бірқатар атқамінерлерді партиялық жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданды. Олардың қатарында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, мемлекеттік сатып алу басқармасы, сондай-ақ  білім басқармасының басшылары бар. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары да осы тізімге енген.

Б. Сатуов