Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтарды сан соқтырған алаяқ ұсталды

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2021
  • 2215

Оңай олжаға кенелеміз деп оңбай алданғандар азаяр емес. Оралда осыған дейін шетелден арзан көлікке тапсырыс бергендер сан соқса, бұл жолы арзан жер телімін іздеген тұрғындар әккі алаяқтың жеміне айналған. Бірақ полиция айласын асырған күдіктіні алысқа ұзатпады. Ол бірден қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Жайлы пәтер алуға ақшасы жетпеген Әсемгүл жер телімін сатып алмақ болыпты. Таныстарынан сұрастырып жүріп, жерін арзанға сататын адамға жолыққан. Осылайша тірнектеп жинаған  – 2 миллион теңге ақшасын санап береді. Бірақ сенгені алаяқ болып шығыпты.

Әсемгүл, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Екеуміз уатсап арқылы сөйлесіп, келіскенбіз. Кейін 2 миллион теңгені ақшаны санап, қолына ұстаттым. 2 миллион теңге аз ақша емес қой. Бірақ ол түрлі сылтау айтып, уақытты соза берді. Содан кейін ғана өзімнің алданғанымды білдім.

Бүгінде полиция күдіктіні ұстап, үстінен қылмыстық іс қозғады. 43 жастағы келіншектің бұған дейін де алаяқтық жасағаны, тіпті істі болғаны да мәлім болды. Оның осындай 10 іске қатысы бары анықталып, айып тағылған. Ал алданғандардың ешқайсысы әлі ақшасын қайтарып алмапты.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Қазіргі таңда ҚР ҚК 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кетерлігі, облыс тұрғындарынан сақ болуды сұраймыз. Мұндай азаматтарға алданбауды, үшінші адамдарға қаражат бермеуді, өзіңіздің жеке ақпаратыңызды үшінші адамдарға тапсырмауларыңыз сұралады. Қазіргі таңда алаяқтардың көптеген әдістері бар.


Полицияның дерегінше, онлайн сауда жасайтын алаяқтардың дәурені жүріп тұр. Мысалы, былтырдың өзінде Батыс Қазақстан облысында 1 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген. Сондықтан, халыққа интернет арқылы сауда жасаған кезде барынша мұқият болу керектігін ескертеді.

Е. Карин