Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылық тұрғындар жатақхана құрылысына қарсы шықты

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2021
  • 2565

Жатақхана салуға жол бермейміз! Алматыда тұрғындар саябақ аумағында тұрғызылғалы жатқан алты қабатты жатақхананың құрылысына қарсы шықты. Олар студенттер үйі бой көтерсе, саябақта еркін серуендеуден қаламыз деп қауіптенеді. Наразы халықтың базынасын әріптесім Әсем Лесбек тарқатады.

Құрылысқа қарсы шыққан қарашаның қарасы қалың. Олар жергілікті әкімдік тұрғындардан рұқсат сұрамады деп ашынады. Жанайқайын жеткізгендер балалар асыр салып ойнайтын, зейнеткерлер бой жазып серуендейтін саябақ маңын сүруге жол бермеуге бекінген.
 
Светлана ПРОХВАТИЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қазіргі студенттерді білесіздер. Көбінің астында көлігі бар. Ертең мына жерге жатақхана салынса, көлік пен адам саны қаптайды. Аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Бұл демалыс орны ғой. Керісінше саябақты көріктендірудің орнына оны құртып жатыр.

Педагогикалық университеттің студенттеріне арналған алты қабатты жатақхананы саябақ маңына салу «заңға қайшы» дейді наразы топ.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Құрылысы басталмай жатып дауға себеп болған жерде 323 студентке арналған жатақхана салынбақ. Бұл хабарды естіген аудан тұрғындарынан, маза қашқан. Олар жатақхана бой көтерсе, көлік тұрағынан, саябақ аумағы мен оған  кіріп-шығатын жолдан қағыламыз ба деп қорқады.

Шу шығарғандарға жоғары оқу орнының өкілдері де келді. Ашуға мінген халық жауаптыларға тап беріп, жақ ашқызбады. Педагогикалық университеттің проректоры жатақхана құрылысына рұқсат берілгенін айтты.
 
Ғабит ДУЛАТОВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:
 
Осы территорияда 11 соттық жерге бізге 2018 жылы қала әкімінің қаулысымен жатақхана салуға рұқсат берілген. 2018 жылдан бері бізде инвесторлар жасалынды. Көптеген техникалық басқа да жұмыстар жүргізілді. Барлық құжаттары заң аясында рұқсат етілген. Қалалық қызметтермен бәрі келісілген.

Саябақтан жатақхана салуға рұқсат берген жергілікті атқамінерлермен тілдесу мүмкін болмады. Айта кетейік, аталған педагогикалық университетте 13 мыңнан астам студент оқиды. Оның 3 мыңнан астамы жатақханаға мұқтаж. Дегенмен тұрғындар саябаққа жатақхана салдырмауға бекініп отыр. Олар енді қол жинап сотқа арызданбақ.

Ә. Лесбек